Ел ішіндегі саяхат сәнге айналды – сарапшылар не дейді?
Қазақстанда ішкі туризм қарқынды дамып келеді. Егер осыдан он-он бес жыл бұрын қазақстандықтардың басым бөлігі үшін демалыс шетелге саяхатпен байланысты болса, бүгінде ел азаматтары өз елінің ішінде саяхаттауды жиі таңдай бастады, деп хабарлайды «24KZ».
Qazaq Expert Club-тың туризм саласындағы сарапшысы Жанна Асипованың айтуынша, 2020 жылы ішкі туристік тұтыну көлемі 807,2 млрд теңгені құраса, 2024 жылы ол 3,16 трлн теңгеге жеткен. Осылайша, бірнеше жылдың ішінде ішкі туризм көлемі төрт есеге жуық өскен.
Пандемия белгілі бір деңгейде бетбұрыс кезеңі болды, – дейді сарапшы. – Дәл сол уақытта көптеген қазақстандықтар өз елін белсенді түрде танып-біле бастады. Көлсай, Алакөл, Бурабай, Шарын шатқалы немесе Іле-Алатауы ұлттық паркіне саяхат бұрынғыдай ерекше құбылыс емес, қалыпты демалыс түріне айналды.
Сонымен қатар туризмнің экономикадағы маңызы да артты. Туристік салалардың жалпы қосылған құны 2020 жылғы 2,18 трлн теңгеден 2024 жылы 4,06 трлн теңгеге дейін өсті. Осы кезеңде салада жұмыспен қамтылғандар саны 458,3 мыңнан 613,8 мың адамға дейін көбейді.
Статистика ішкі туризмнің негізінен ел тұрғындарының есебінен дамып жатқанын көрсетеді. Мысалы, жолаушыларды автомобиль жолдарымен тасымалдау қызметтеріне жұмсалатын шығындардың 100%-ы қазақстандықтарға тиесілі, теміржол тасымалының 86,3%-ын ішкі туристер қалыптастырады, ал туристік агенттіктер мен брондау қызметтерінің 99%-ы резиденттердің үлесіне келеді, – дейді Жанна Асипова.
Оның айтуынша, бүгінде адамдар қысқа сапарларды, табиғат аясындағы демалысты, экотуризмді және digital detox форматындағы саяхаттарды жиі таңдайды. Яғни қала тіршілігінен уақытша алыстап, табиғат аясында тынығуға ұмтылады.
Әсіресе табиғи туризм мен ұлттық парктерге қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда ең танымал бағыттардың қатарында Бурабай, Алакөл, Көлсай көлдері, Қайыңды, Маңғыстау облысы, Іле-Алатауы ұлттық паркі және Алматы өңірінің тау бағыттары бар.
Мұны статистика да дәлелдейді: 2024 жылы Қазақстанның ұлттық парктеріне 2,8 миллион адам келген, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға көп, – дейді сарапшы.
Асипованың пікірінше, бұрын туристік бағыттардың танымалдылығын көбіне туроператорлар мен жарнамалық науқандар анықтаса, бүгінде бұл рөлді TikTok, Instagram және тревел-блогерлер жиі атқарады.
Кейде бір ғана сәтті ролик немесе вирусқа айналған бейне аз танымал локацияны қысқа уақыт ішінде бүкіл елге әйгілі ете алады.
Сонымен қатар жаңа мәдени тренд қалыптасып келеді. Кейбір сарапшылар оны Kazakh boo деп атайды – бұл жергілікті эстетикаға, ел ішіндегі саяхаттарға және Қазақстан табиғатын романтикалық тұрғыдан қабылдауға деген қызығушылықтың артуы.
Соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тағы бір бағыт – оқиғалық туризм. Алматы мен Астана біртіндеп әлемдік жұлдыздардың гастрольдік маршруттарына еніп жатыр. Jennifer Lopez, Backstreet Boys және басқа да халықаралық әртістердің концерттері Қазақстанның Орталық Азиядағы event-туризмнің жаңа орталықтарының біріне айналып келе жатқанын көрсетеді, – дейді сарапшы.
Болашағы зор, бірақ әзірге жеткілікті бағаланбай отырған бағыттардың бірі ретінде Асипова трейлерлік және кемпингтік туризмді атайды.
Қазақстанның caravan tourism дамытуға үлкен мүмкіндігі бар: аумағы кең, табиғи ландшафттары алуан түрлі және ұзақ автомобиль бағыттары жеткілікті. Алайда бұл сегменттің әлеуетін инфрақұрылымның жеткіліксіздігі тежеп отыр.
Кемпингтік туризмді дамыту үшін арнайы жабдықталған тұрақтар, санитарлық аймақтар, душ кабиналары, электрмен жабдықтау, сервистік станциялар және автокеруендер үшін қауіпсіз аялдау орындары қажет, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, дәл инфрақұрылым ішкі туризмнің басты шектеуші факторларының бірі болып қала береді, әсіресе ең танымал туристік орталықтардан тыс өңірлерде.
Алдағы жылдары ең қарқынды дамитын бағыттар автотуризм, экотуризм, отбасылық саяхаттар, демалыс күндеріне арналған турлар және wellness-туризм болуы ықтимал.
Егер бірнеше жыл бұрын ішкі туризмнің дамуы негізінен мемлекет пен туристік компанияларға байланысты болса, бүгінде оның негізгі қозғаушы күштерінің бірі саяхатшылардың өздері, әлеуметтік желілер және өмір салтының өзгеруі болып отыр, – деп қорытындылады Жанна Асипова.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз