Қазақ тілін ұлықтаған неміс қызы

Ниет болса, қазақ тілін үйрену қиын емес. Отбасымен қатар жан-жағындағыларды қазақша сөйлетуге тырысып жүрген Эльдана Габерманның ұстанымы осындай.

Қазақ даласында туып өскен ол тілімізді ғана емес, рухани құндылықтарымызды да бойына сіңірген.

Қазақ қастерлеген домбыраға құрметпен қарап, ұлттық аспабымызды ұлықтап жүрген неміс қызы – Эльдана Габерман. Өзге этнос өкілі қазақ тілін мықтап меңгергені былай тұрсын, ар-тұра айтыс аламанына да ат қосып тұрады. Сөз сайысында талай қарсыласын қапы қалдырып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Негізгі мамандығы Қазақстан қарулы күштері орталық ансамблінің солисі. Ұлтым неміс болғанымен, жүрегім қазақ деп соғады деген ол қазақ тілін өзге де этностарға үйретіп келеді. 

Эльдана Габерман, ҚР Қарулы Күштері орталық ансамблінің солисі:
-
Анам менің қазақ, әкем – неміс. Менің әкем де, әжем де барлығы қазақша сөйлейді. Анам да қазақша сөйлейді. Менің қазақ тәрбиесін алғанмын. Қазақтың дәстүрін барлығын жақсы білемін. Мысалы, көбісі «свежий» деген сөздің аудармасы «балғын» екенін білмейді. Қазақтар білмегенде мен «өй, балғын ғой» деп айтамын. Сондай бір қызықты сәттер болды. Мен араласатын өзге ұлттардың барлығы қазақша сөйлейді.

Эльдана үш ұлды тәрбиелеп отыр. Үшеуі де қазақша сөйлейді. Өйткені ана тілімізді трендке шығарамыз десек, әркім өзінен бастауы керек деп санайды. Бастысы ниет болса болғаны. Үйрену қиын емес.

Эльдана Габерман, ҚР Қарулы Күштері орталық ансамблінің солисі:
- Қазақ тілін үйренудің ең жеңіл жолы – қазақтардың арасында көбірек жүру. Мысалы, маған біреу қазақша сөйлесе, мен де қазақша жауап беруге тырысамын. Осылайша, тіл үйрену әлдеқайда жеңіл болады. Біз де әріптестеріміздің арасында барлығымыз қазақша сөйлесуге тырысамыз. Ал «Қазақ тілін үйренуге уақытым жоқ» дейтін адамдарға айтарым – қорықпау керек. Тілді үйрену үшін ең алдымен оған деген махаббат болуы қажет. Қазақ тілін жүрегіңмен сүю керек. Сол тілге деген махаббатты оята білу маңызды. Өйткені жүрекпен қабылдаған тіл ғана санаға тез сіңеді.

Эльдананың ендігі мақсаты – әке-шешесі берген қазақы тәлім-тәрбиені ұлдарының бойына дарыту. Салт-дәстүр, әдеп-ғұрып пен қатар ұлттық аспап - домбыраның құлағында ойнаса деген тілегі бар.

Авторлары: Шерхан Абзалұлы, Мейрам Жүнісов

Сондай-ақ оқыңыз: