Неміс қызы Бақанас ауылында қазақ тілін оқытады
Алина Кан қазақ тілін оқытады. Неміс қызы Бақанас ауылында он жылдан бері сабақ беріп жүр. Қазақы ортада өскен ұстаз тілдік курстың бағдарламасын да өзі әзірлеген. Бұл бағдарламада өзге ұлт өкілдеріне қазақша үйретудің ерекшеліктері ескерілген, деп хабарлайды 24KZ.
Алина Кан мектепте орыс тілінде білім алады. Алайда қазақ тілінен сабақ беретін ұстазы оның тілге деген қызығушылығын оятып, тереңірек меңгеруге ықпал етеді. Соның арқасында Алина қазақ тілін тек түсініп қана қоймай, еркін әрі көркем сөйлеу деңгейіне жетеді. Кейін бұл қызығушылығы үлкен әуестікке, одан соң мамандыққа айналды. Қазір ол өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді үйретіп жүр.
Алина Кан, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Басқа ұлт өкілдері қазақ тілін қалай үйренеді, қандай артықшылықтары, кемшіліктері бар соның барлығын мен өзімнің басымнан өткізіп, енді өз оқушыларыма да нешетүрлі лайфхактармен, қазақ тілін қалай тез үйренуге болады, қалай қорқынышты басуға болады осының барлығын өзім үйретіп жүрмін.
Алина бүгінде өз тәжірибесін оқыту әдістемесіне айналдырған. Шәкірттеріне бірден көп ақпарат беріп, ауырлатпауға тырысады. Көп жаңа сөз жаттаудың орнына бірнеше сөзді таңдап, оларды күнделікті қолдануға кеңес береді. Теорияны көп оқығаннан гөрі, әңгіме тыңдап, фильм көріп, ән айтқан тиімді. «Ең бастысы, қателесуден қорықпау керек», — дейді ол.
Алина Кан, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
— Қазақ тілінің ерекшеліктері — үндестік заңы бар. Басқа тілдерде үндестік заңы жоқ. Ешқандай сақталмайды да, мен оқушыларыма, жалпы көп адамға сол қиын болып тұрады, үндестік заңын сақтау деген. Мен қалай үйрендім, дәл солай оқушыларыма үйретемін. Көп тыңдаңыздар, адамдар қалай сөйлейді, соны тыңдаңыздар. Бір сөзді жаттап алдыңыздар ма, соны күнде күнде қайталаңыздар.
Алинаның шәкірттерінің арасында мануалды терапевт Александр Зилигаев та бар. Ол қазақ тілін тек өзі үшін үйреніп жүрген жоқ. Негізгі мақсаты — пациенттермен еркін сөйлесу. Қазір ол грамматиканы түсініп, шақтарды ажырата алады. Еркін сөйлеп кетпесе де, тіл сындырғаны байқалады.
Александр Зилигаев, Өтеген ауылының тұрғыны:
— Мен қазақ тілін үйреніп жүрмін. Алинамен сабақтар маған қатты ұнайды. Басында сабаққа келгенде қазақ тілін мүлде білмедім. Қазір кішкене болса да қазақша сөйлей аламын. Болашақта қазақ тілінде еркін сөйлегім келеді.
Бірнеше тілді меңгеру қазір заман талабы, тіпті заманауи трендке айналды. «Десе де, ең бастысы мемлекеттік тіл — қазақ тілін үйренуге көңіл бөлген дұрыс», — дейді жас маман. Бұл — азаматтық міндет. Әрі қазақ тілін меңгеру — жарқын болашаққа бастайтын көпір.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев