Пәтерге уақытша тіркелу ережесі өзгерді
Енді пәтер жалдап тұратын немесе басқа қалаға оқуға, жұмысқа көшкен азаматтар уақытша тіркеуді рәсімдеуі қажет.
Егер жаңа мекен-жайда бір айдан астам тұру жоспарланса, келген күннен бастап он күн ішінде тіркелу міндетті. Ал бұрынғы тұрақты тіркеуден шығудың қажеті жоқ. Тіркеу қызметі eGov.kz порталы арқылы онлайн қолжетімді болады. Талаптарды бұзған жағдайда үй иесі де, жалға алушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Баспана иесіне 43250 теңге айыппұл қарастырылған. Егер құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл екі есе артады. Ал жалға алушыға 30275 теңге айыппұл салынады. Жаңа ереженің мақсаты - заңсыз табыс тауып, баспанасын жатақханаға айналдырғандардың жолын кесу, дейді мамандар. Бұған дейін құқық қорғау органдары Астанадағы бір ғана мекен-жайда мыңға жуық адамның тіркелгенін анықтады.
Аян Бейсенов, Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры:
- ҚР тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру әкімшілік құқық бұзушылық болып табылады. 2026 жылдың басынан бері елордада тіркеусіз тұрғаны үшін 47 мыңнан астам адам жауапқа тартылды. Олардың 578-і әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайта жасаған. Тұрғын үй иесі онда тұрған адамдардың тіркеусіз тұруына жол берген жағдайда ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 493-бабына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылады.