Пәтер сатып аларда құрылыс компаниясын қалай тексеруге болады

фото: ЖИ

Қазақстанда үлескерлердің ақшасын заңсыз тартуға жол бермеу үшін құрылыс компанияларына қойылатын талаптар күшейтілген. Енді тұрғын үй сатып алушылар құрылыс салушының заңдылығын homeportal.kz, eGov және жергілікті атқарушы органдардың ресми сайттары арқылы тексере алады. Сонымен қатар құрылыс компанияларына тұрғындардан қолма-қол ақша қабылдауға тыйым салынған. Бұл туралы Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Ақмарал Палмаханова 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Адвокаттың сөзінше, 2025 жылы үлестік құрылыс саласындағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілген. Енді құрылыс компаниясы мен үлескер арасындағы мәміле жазбаша жасалуы керек. Төлем тек құрылыс компаниясының арнайы банктік шоты арқылы жүргізілуі тиіс.

Бұрын кейбір үлескерлер құрылыс компанияларымен тікелей келісіп, қолма-қол ақша беретін. Соның салдарынан азаматтардың көбі ақшасынан айырылып немесе тұрғын үйдің құрылысы ұзақ уақытқа дейін аяқталмай қалатын. Қазір мұндай жағдайлардың алдын алу үшін арнайы талаптар енгізілді, – деді Ақмарал Палмаханова.

Адвокат пәтер сатып алмас бұрын құрылыс салушыны бірнеше дереккөз арқылы тексеруге кеңес береді. Мәселен, homeportal.kz порталынан компанияның атауы, БСН-і, басшысы мен құрылтайшысы туралы мәлімет алуға болады. Ал eGov пен жергілікті атқарушы органдардың сайттарынан құрылыс компаниясының тиісті тізімдерде бар-жоғын, нысанның заңдылығы мен қажетті рұқсат құжаттарын тексеруге мүмкіндік бар.

Көп жағдайда азаматтар арзан бағаға қызығып немесе заңсыз жарнамаға сеніп, асығыс шешім қабылдайды. Сондықтан үй сатып аларда ең алдымен құрылыс нысанының заңдылығына көз жеткізу қажет, – деді адвокат.

Ал тұрғын үй құрылысына заңсыз қаражат тартқан компанияларға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабына сәйкес, оларға 750-ден 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Егер компания азаматтарды алдап, ақшасын иемденсе, Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Егер үлескер алаяқтыққа тап болса, адвокат ең алдымен дәлелдемелерді жинауға кеңес береді. Оған компаниямен жасалған келісімшарт, хат алмасулар, ақша аударымдарының түбіртектері немесе қолма-қол төлем жасалғанын растайтын қолхаттар жатады. Осы құжаттарды тіркеп, 102 арнасына немесе полиция бөліміне жазбаша арыз беруге болады.

Бұған қоса, құрылыс компаниясы нысанның заңдылығы, жер телімі немесе рұқсат құжаттары туралы ақпаратты толық бермесе, азамат сотқа жүгініп, мәмілені жарамсыз деп тануды талап ете алады.

Сондай-ақ оқыңыз: