Ертең еліміздің бірқатар өңірінде күн күркіреп, найзағай ойнайды

Ертең еліміздің бірқатар өңірінде күн күркіреп, найзағай ойнайды
inform.kz

«Қазгидромет» 26 маусымда күн райының бұзылуына байланысты 14 өңірде ескерту жариялады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нұр-Сұлтанда желдің екпіні 20 м/с дейін жетіп, күн күркірейді.

Күндіз Қарағанды облысының оңтүстігінде, шығысында, орталығында найзағай күтіледі. Солтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күндіз облыстың оңтүстігінде, шығысында, орталығында екпіні 15-20 м/с артады. Күндіз өңірдің басым бөлігінде 35-39 градусқа дейінгі қатты ыстық сақталады.

Ұлытау облысының солтүстік-батысында найзағай күтіледі. Өңірдің басым бөлігінде 35-39 градус қатты ыстық сақталады.

Түнде Ақмола облысында найзағай, бұршақ, дауылды жел болжанады. Солтүстік-батыстан жел соғады, өңірдің батысында, солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с дейін жетеді.

Абай облысының батысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Батыс Қазақстан облысында жел солтүстік-батыстан соғып, күндіз екпіні 15-20 м/с жетеді. Түнде Ақтөбе облысының солтүстік-шығысында найзағай ойнап, желдің жылдамдығы 15 м/с жетеді.

Күндіз Алматы облысының оңтүстік-шығысында және таулы аудандарында найзағай күтіледі. Оңтүстік-шығыстан соққан жел оңтүстік-батысқа ауысады, найзағай кезінде екпіні 15 м/с құрайды. Күндіз 37 градус қатты ыстық сақталады. Күндіз Жетісу облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с құрайды. Күндіз 37 градус қатты ыстық сақталады.

Түнде Қостанай облысының батысында, күндіз оңтүстігінде, шығысында найзағай, бұршақ болжанады. Солтүстік-батыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде, шығысында екпіні 15-20 м/с жетеді.

Күндіз Қызылорда облысында 40-44 градус қатты ыстық сақталады. Жел солтүстік-батыстан соғады, күндіз облыстың орталығында күші 15-20 м/с құрайды. Өңірдің басым бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысында найзағай, бұршақ, дауыл күтіледі. Күндіз 35-37 градус ыстық сақталады. Батыстан жел соғады, күші облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде 15-20 м/с жетеді. Павлодар облысының орталығында, оңтүстігінде өте жоғары өрт қаупі сақталады.

Түнде Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде жаңбыр күтіледі. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында найзағай ойнап, жел соғады. Өңірдің оңтүстік-батысында, солтүстігінде, шығысында күші 15-20 м/с жетеді.

Күндіз 26-27 маусымда Жамбыл облысының таулы аудандарында найзағай, бұршақ күтіледі. Таңертең және күндіз өңірдің батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында желдің күші 15-20 м/с артады. Күндіз 40 градусқа дейін қатты ыстық күтіледі.