Дәрігер түтіннен қорғану жолдары туралы кеңес берді
Орман өрті кезінде жақын маңдағы елді мекен тұрғындары далаға аз шығуы қажет.
Әсіресе түн мен таңғы сағаттарда. Дәрігерлер күн ыстық уақытта да ауаға сирек шығу керек деп отыр. Себебі өрт салдарынан ауаның құрамы зиянды қалдықтарға толы болады. Ал бұл өкпе, жүрек аурулары мен аллергиялық сырқаты бар адамдар үшін қауіпті. Егде жастағы тұрғындар мен балалар да суды көбірек ішкені абзал. Орман өртінен кейін түтіннің ағзаға зиянын азайту үшін үйдің ішін ылғалдандырып, желдеткіш құралдарын қолдану қажет.
Ермек Тоқбергенов, қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы департаментінің директоры:
- Қарапайым сақтану шаралары міндетті түрде орындалуы керек. Себебі салдары қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Біріншіден, қалың бетперде тағу немесе дымқыл мата қолдануға болады. Тезірек жалын аумағынан алысырақ кетуге тырысу қажет. Бұл талаптарға салғырт қарауға болмайды, себебі созылмалы аурулары бар адамдардың дерті ушығуы мүмкін.