Жамбыл облысында «Narko Shekteu Taraz» атауымен телеграм-бот жұмысын бастады
Жамбыл облысында «Narko Shekteu Taraz» атауымен телеграм-бот жұмысын бастады.
Жедел желі арқылы тұрғындар есірткі қылмысы мен саудасы, тасымалы жайында хабар бере алады. Нәтижесінде халыққа құқық қорғау органдарымен бірігіп қылмыстың алдын алуға мүмкіндік туып отыр. Тиімді жобаны облыс прокуратурасы қолға алған.
Бұл кадрлер есірткі қылмысына қатысы бар Шу ауданының тұрғынын ұстау кезінде түсірілген. Ол 280 килограмм қарасораны жиып, кейін сатпақ болған. Арнайы операция Белбасар ауылы маңында жүргізілді. Енді 42 жастағы күдікті 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.
Әлім Бажықбаев, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
- Ағымдағы жылдың 6 айында есірткіні сақтау, сату қылмыстарына қатысты 300 ден аса дерек анықталды. Қазіргі таңда аймақта синтетикалық есірткі қылмысы өршіп тұр. Оларды таратып пайдаланатындардың басым бөлігі жастар.
Осы сынды есірткі қылмысының алдын алу үшін енді 102 нөміріне ғана емес, жаңадан жұмысын бастаған телеграмм-ботқа хабар бере аласыз. «Narko Shekteu Taraz-ға» есірткі қоймалары, наша жарнамасы мен жасырынған орындар жайлы кез келген ақпаратты жіберуге болады. Сіздің мәліметті прокурорлардан құралған арнайы топ зерделеп, қылмыстың алдын алады.
Жүсіп Берлібай, Жамбыл облыстық прокуратурасының басқарма прокуроры:
- 24 сағат жұмыс жасайды 5 бағытта. Қазіргі уақытта осы Бот арқылы 400ге жуық сілтеме анықтап, кибернадзор ақпараттық жүйесіне ол сілтемелерді енгіздік. Оның 300ге жуық сілтемесі қазіргі уақытта бұғатталды.
«Narko Shekteu Taraz» 1,5 ай ішінде дайындалды. Жоба тамыздың 10-ына дейін пилоттық режимде жұмыс істейді. Тиімділігі дәлелденсе қалыпты жағдайда жұмысын жалғастыра бермек. Айта кетерлігі, жоба аясында полиция департаменті мен прокуротура және Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірігіп жұмыс жүргізеді.
Мерей Бает, Руслан Ахатіллә