Америкалық жазушының «Ақмарал» романы жарық көрді

Америкалық жазушы «Ақмарал» атауымен кітап жазып шықты, деп хабарлайды 24kz.

Ақмарал – сақ заманында өмір сүрген жауынгер әйел. Роман дала өркениетінде жауынгер ерлермен қатар жаужүрек әйелдер болғанын баяндайды.

Джуди Линдберг – қалың оқырманның көңіліне жол тапқан бірнеше тарихи романның авторы. Ширек ғасыр қаламы мұқалмаған жазушының жаңа туындысы Алтай өңіріндегі жауынгер әйелдің өмірінен сыр шертеді. «Ақмарал атты роман дала өркениетіндегі әйелдердің жауынгер ғана емес, көшбасшы болғанын да айғақтайды», - дейді автор.

Джуди Линдберг, жазушы:

- Сақ заманынан табылған ою-өрнектердің бірінде марал бейнеленген екен. Сол себепті кітаптың атын Ақмарал деп қоюды ұйғардым. Бұл кітапты жазу идеясы осыдан 15 жыл бұрын келді. Жылдар бойы іздендім. Сіздердің аймақтарыңызды зерттедім. Орта Азиядағы көшпенді әйелдердің өмірін, салт-дәстүрін, олардың әдет-ғұрпын түсіне бастағандай болдым. Осылайша, «Ақмарал» атты туындыны жазуға бел будым.

Шытырманға толы оқиға Алтай тауларында өрбиді. Жастайынан аттың құлағында ойнап, жауынгерлік өнерге машықтанған қаршадай қыз жерін қорғап, ел тыныштығын күзетеді. Тұла бойы намыстан жаралған Ақмарал елінің көшбасшысы болуды аңсайды. Жаугершілікте қол бастап, халқына пана бола алған ол көп ұзамай махабаттың шырмауына түседі.

Джуди Линдберг, жазушы:

- Ақмаралдың жауынгерлік өнерін ұнатпайтындар да болады. Солардың бірі Ержан. Бірақ оның Ақмаралға деген сезімі уақыт өте ояна бастайды. Жалпы тарихқа үңілсек, әйелдердің нәзіктігінен бөлек, олардың күші мен қоғамдағы рөлін көрсету мәдени нормаларға қарсы болатын. Бірақ көшпенділер мәдениетінде әйел көшбасшының болуы қалыпты екенін аңғарасыз. Менің романымда да солай.

Қаламы қарымды жазушының айтуынша, кітапты жарыққа шығаруда бірталай қиындықтарға кезіккен. «Лайықты баспа мен қаражат табу солардың бірсыпырасы ғана», - дейді ол. Дегенмен, оның да шешімі табылып, кітап бірнеше ай бұрын жарық көрді. Ал оның бағасын беру – келешектің ісі. «Бастысы – оқырман қауым көпшенділер дәуіріндегі көшбасшы әйелдердің рөлін түсінсе игі», - дейді ол.

Авторы: Талғат Алманов