Танымал блогер Алматыдағы жекеменшік клиникада көз жұмды

Фото: instagram/saule_bazarkhan

Блогер Сәуле Ермаханованың жекеменшік клиникада қайтыс болғаны расталды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Ведомство мәліметінше, 15 мамыр күні Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде 53 жастағы әйел көз жұмған.

Аталған факті бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында қажетті тергеу амалдарының кешені жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ полиция ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу барысындағы өзге мәліметтер жария етуге жатпайтынын атап өтті.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде танымал блогер Сәуле Ермаханованың қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады.

Ақпарат көздеріне сүйенсек, Сәуле Ермаханова Алматыдағы жекеменшік клиникалардың бірінде пластикалық операция кезінде көз жұмған. Алдын ала деректер бойынша, оның жүрек талмасынан қайтыс болғаны айтылған. Кейбір мәліметтерде жағдай операция басталмай тұрып болғаны да жазылды.

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова Сәуле Ермаханованың қазасына байланысты әлеуметтік желіде көңіл айту жазбасын жариялаған.

Ол марқұмның өзіне өте жақын адам болғанын айтып, былай деген:

Екі түн мүлдем ұйықтай алмадым. “Гүлеке” деп ыржиып кіріп келе қалатындай, қоңырау соғатындай... Үйіне бардым, кірдім, көрдім, моп-момақан болып ұйықтап жатыр. Өзі де сабырлы еді. Кешке қонақ асына бауырлары, құрбыларым жиналып күтіп отыр екен. Жылаудай болып, түнде үйімізге тарадық.

Сондай-ақ ол Сәуле Ермаханованы туған сіңлісіндей көргенін айтқан. Продюсер марқұммен қоштасуға арнайы ұшып келгенін де жеткізді.