Ақтөбе өңірінде 11 медициналық мекеме салынып жатыр
Биыл Ақтөбе өңірінде 11 медициналық пункт салынады, деп хабарлайды 24KZ. Шалғай ауылдардағы медициналық мекемелерге қажетті қаражат «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бөлінеді. Қазір Ноғайты ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ал Қосарал елді мекенінде жақында жаңа ғимарат халықтың игілігіне беріледі.
Қосаралда бұрын медициналық пункт болмаған. Ауыл халқын медбике мектептің бір бөлмесінде қабылдайтын.
Мәнсия Ағлепесова, Қосарал медициналық бөлімшесінің медбикесі:
- Күндіз 10-нан 12-ге дейін балаларды, оның алдында 9-дан 9 жарымға дейін егілетіндерді жасап кетемін. 12-ден кейін сағат 1-ге дейін бөтен қаралатын адамдарды кіргіземіз. Осылай сатылап жұмыс істедік.
Шалғайдағы елді мекенде медициналық пункт салуға республикалық бюджеттен 176 млн теңге бөлінді. Күніне 20 науқасты қабылдайтын ғимаратта ауылдағы орта мектептің медбикесі де отырады.
Бағдагүл Шынтемірова, ауыл тұрғыны:
- Балаларға да, үлкендерге де келіп қаралып, емделуге үлкен мүмкіндік болды. Жылы іші. Бұрын салқын болған. Қазір ыңғайлы. Жақсы. Білікті маман Мәнсия апа. Ауданға қаралып, бізге ем жазып берсе, сол уколымызды уақытымен салып отырады.
Ноғайты ауылында дәрігерлік-акушерлік пункт салынып жатыр. Жыл соңына дейін Миялы елді мекенінде де жаңа ғимарат қолданысқа беріледі. Жалпы Байғанин ауданында 2027 жылға дейін медициналық мекеме мәселесі түбегейлі шешімін табуы тиіс. Жергілікті биліктің ендігі міндеті – білікті маман тарту. Себебі ауданда травматолог, неонатолог, балалар хирургы мен анестезиолог тапшы. Бұл мәселені шешу үшін медициналық университеттің студенттеріне ірі кәсіпорын есебінен грант тағайындалды.
Айбек Көпенов, аудан әкімі:
- Бұл жерде аудан әкімдігі, аурухана, компания және медициналық университет төртжақты келісімшарт жасап. Ең жоғарғы жетінші курста, ең төмені төртінші курста осы бес баламыз оқып, бітіргеннен кейін кемінде бес жыл осында жұмыс жасайды. Солай кадр мәселесін шешеміз.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында былтыр облыста 21 медициналық мекеме құрылысы басталды. Олардың 11-інің құрылысы биыл жалғасты. Байғанинмен қатар Мұғалжар, Ырғыз, Шалқар аудандарында да жаңа ғимараттар қолданысқа беріледі.
Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
- Ауыспалы жобаларға 1,3 млрд теңге қарастырылып отыр республикадан және ауданаралық ауруханалардың жобалары қазіргі таңда сараптамадан өтіп жатыр. Сараптама қорытындысынан кейін олардың бағалары белгіленеді және республикалық бюджеттен қаржыланады.
Ауданаралық ауруханалар Қандыағаш, Хромтау мен Шалқар қалаларында салынады. Жаңа медициналық орталық дәрігерлері жедел көмекке мұқтаж науқастарды облыс орталығына тасымай-ақ, күрделі операцияны ауданда да жасайды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.