Ұлттық ғылыми онкология орталығында ашық есік күні өтті

Елде азаматтардың онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 6%-ке жуық өскен. Бұл туралы Ұлттық ғылыми онкология орталығында өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Жаңа корпуста Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай ашық есік күні өтті. Келушілер білікті мамандарға тексеріліп, дерттің алдын алу бойынша дәрігерлерден пайдалы кеңестер алды. Мекемеде сәулелік және ядролық медицина орталықтары, протондық терапия орталығы және радиофармацевтикалық препараттарды шығаратын кешен іске қосылды. Оған қоса клиника ересектерге сүйек кемігін трансплантациялауды жүзеге асыратын және онкологиялық ауруларды кешенді емдеудің барлық түрлерін көрсететін жалғыз ұйым саналады.

Әділбек Мұқажанов, Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары:

- Мұндағы мақсат – ең бірінші халықтың назарын аудару. Медициналық-диагностикалық қызметті халыққа жақындату, қолжетімді жасау. Қатерлі ісік ауруларын алдын алу оңай, ал емдеу қиын. Сондықтан адам алдын алып, тексерілуі керек. Көп созылмалы аурулар кейін қатерлі ісікке айналады. Скринингтен өту заң түрінде бекітілген. Адам скринингке баратын болса жылына 3 күн барады адам, сол күндер жұмыс күні ретінде есептеледі.