Елімізде кепілді көлемдегі тегін медициналық көмек алатындар қатары артты

Елде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алушылар қатары жыл санап артып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Қарашаның саулығы үшін қолға алған үкіметтің бұл бастамасының шарапатын өткен жылы 1 млн-нан астам қазақстандық көрген. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2 трлн 800 млрд теңгеден аса қаржы бөлініпті. Басы ауырып, балтыры сыздаған ағайынға қолдау шарасының тағы қандай тиімділігі бар.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Көп күткен тұңғышын бауырына басып, аналық махаббатты сезіну Динара үшін теңдессіз бақыт. Жүктілігінің 40-шы аптасында бас қаладағы №1 перинаталдық орталыққа түсіпті. «Қорқыныш пен қуаныштың ортасында жүріп босанудың бір сәттік қиындығын еш сезбедім», - дейді. Алтын қолды акушерлер мен дәрігерлерге айтар алғысы шексіз. Ақ халаттылардың қатаң бақылауының арқасында қазір ананың да, баланың жағдайы жақсы.

Динара Жұматайқызы, қала тұрғыны:

- Өте үлкен қуаныш екен ана болған балаңды қолыңа алған. Және сол жолды бізге дұрыс көрсетіп мамандар болғаны қасымызда жақсы. Оған сен психологиялық түрде дайындаласың. Материалдық түрде мемлекет қамтамасыз етсе, ол өте жақсы.

Бас қаладағы №1 перинаталдық орталықта өткен жылы 11 мыңнан аса сәби өмір есігін ашты. Соңғы 1 айдың өзінде 1000-ға жуық ана перзентімен қауышқан. Әр әйелдің босанғанға дейін және кейінгі жағдайын дәрігерлер ерекше назарда ұстайды. Қиындығы мен шаттығы қатар жүретін жауапты істі 300-ден аса маман абыроймен атқарып келеді. Келгендердің қуанышын бөлісіп, ауыртпалығын қаймықпай көтеретін ақ халаттылар қауымы күн сайын сан түрлі тағдыр иелерімен жолығысады.

Әсел Юсупова, акушер-гинеколог дәрігер:

- Босанудан кейінгі күтім оңалту және ана мен сәбиіне өткізетін шаралар бар. Жалпы қан талдау анализдері, көрсеткіштер, флюрографиялық тексерістен өткіземіз. Босанған соң ана мен сәбидің бақылауы жүргізіледі. Және ары қарай осы бөлімшеден үйге шығарылу.

Кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекті бүгінде әр азамат алуға құқылы. Мұндай мүмкіндік қазіргі таңда қандастарға да қолжетімді. Қарашаның саулығы үшін жасалған Үкіметтің бұл бастамасы бюджет есебінен қаржыландырылады. Өткен жылы республикада 1 млн-нан астам тұрғын стационарлық ем алған. Көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 80 мыңға көбейгенін көрсетеді. Тағы 2,5 млн қазақстандық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында тегін емделген.

Забира Оразалиева, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі:

- Жалпы кепілдендірілген медициналық көмек минималдық стандарт болып есептеледі. Соған қарамай ол өте көп қызметтерді қамтиды. Мысал ретінде алатын болсақ, сақтандырылмаған адам шұғыл түрде немесе жедел жәрдеммен ауруханаға түссе, ол сақтандырылмаған деп көмексіз қалып қоймайды. Міндетті түрде барлық қызметтер, зерттеулері, оталары болсын, қандай да бір дәрімен қамту болсын, осы тегін медициналық көмек арқылы көрсетіледі.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде 10 түрлі қызмет қолжетімді. Олар мынандай: шұғыл және кезек күттірмейтін көмек, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, профилактикалық қарап-тексерулер және вакцинациялау. Созылмалы аурулары бар науқастарды динамикалық бақылау. Әлеуметтік мәні бар ауруларымен ауыратын науқастарды емдеу, қымбат, жоғары технологиялық операциялар, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек, халықтың нысаналы топтарының скринингтері, қан препараттарымен қамтамасыз ету, паллиативтік көмек. Басы ауырып, балтыры сыздаған кез келген азамат жоғарыда аталған қолдау түрлерін тегін ала алады.