Маңғыстау облысында мектеп асханасының қызметкерлері жауапқа тартылды
Маңғыстау облысында 460 бала уланған мектеп асханасының қызметкерлері жауапқа тартылды.
Олар жалған медициналық кітапшамен жұмыс істеген. Мұнайлы аудандық сотының шешімімен төрт адам айыппұл төлейтін болды. Іс материалында көрсетілгендей, олар жұмыс берушіге жалған құжаттар тапсырып, №8 орта мектептің асханасында еңбек еткен. Еске сала кетейік, қыркүйек айында Бесшоқы ауылында оқушылар мектеп асханасында тамақтанған соң жаппай уланды. Бактериологиялық зерттеу нәтижесінде асхана қызметкерлерінен стафилококк бактериясы анықталды.
Ерсін Қазиев, Мұнайлы аудандық соты әкімшілігінің басшысы:
- Мұнайлы аудандық сотының үкімімен Қазақстан Республикасының 385-бабы, 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, бір азаматқа қатысты 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазасы тағайындалып, қалғаны үш азаматқа 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл жазасы тағайындалған. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген.