Биыл Қарағанды облысының Нұра ауданында 10 медпункт салынады

Қарағанды облысы Нұра ауданының Қараой ауылында медициналық пункт салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz. 

Ауылда бұрын мұндай мекеме болмаған. Жалпы өңірдегі 92 ауылда амбулатория ескірген. Бұл елді мекендерде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен медициналық нысан салынады. 

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қараойда медициналық пункт болмаған. Дәрігер де жоқ. Ай сайын ауданнан мамандар келіп, әкімдік ғимаратындағы аядай бөлмеде қабылдау жүргізеді. 

Салтанат Есмағанбетова, ауыл тұрғыны:

- Біздің ауылымызда мына кішкентай ғана ғимарат болатын. Өте ыңғайсыз. Әйел адам да, ер адам да келген кезде ыңғайсыз болатын. Балаларға екпе, басқасын жасату үшін ауданға баратынбыз.

Ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы орындалды. Былтыр күзде медициналдық пунктің құрылысы басталды. Мекеме заманауи жабдықталып, бірнеше медицина қызметкері жұмыс істейтін болады. Жалпы Нұра ауданы бойынша 2021-2023 жылдар аралығында үш ауылда медициналық нысан салынды. Ал биыл тағы 10 ғимарат салынып жатыр. Оның біреуі дәрігерлік амбулатория, үшеуі фельдшерлік-акушерлік пункт, қалғаны медициналық пункт болады.

Орал Мәзитов, Нұра аудандық ауруханасының басшысы:

- Осы атқарылған жұмыстардың арқасында біздің аудандағы медициналық мекемелердің 60%-ке талапқа сай жаңартылады. Бұдан бөлек, тұрғын саны 200-ден аспайтын 7 елді мекен бар. Ол ауылдардағы ескі медициналық пунктерді жаңарту мәселесін қарастырып жатырмыз. Министрлікке ұсынысымызды жібердік. Қазір бұл сұрақ қарастырылуда.

Нұра ауданы бойынша 25 ауылдық округке 58 медицина маманы қызмет көрсетеді. Бұл жеткілікті. Тек аудандық ауруханада 3 жалпы тәжірибелік дәрігер мен 1 акушер-гинеколог жетіспейді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста 64 дәрігер тапшы. Мамандарды тарту үшін бірінші кезекте оларды баспанамен қамтып, әлеуметтік жағдайын жасау маңызды. Нұра кентінде 14 пәтерлі «Дәрігерлер үйінің» құрылысы аяқталып қалды. Жалпы облыста ұлттық жоба аясында 92 ауылда медициналық нысан салу жоспарланған. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Сайлау Игіліков