Қыста 3 млн адам ЖРВИ жұқтырды

Күннің бірде суып, бірде жылуы тұмаудың өршуіне әкеліп соғады. Биылғы қыста 3 млн-нан астам адам жедел респираторлы вирусты инфекциясын жұқтырды.

Оның 2300-ден астамы – тұмау. Бұл былтырғы қазан айынан бергі есеп. Себебі елдегі эпидемиологиялық маусым осы мезгілден басталады. Ал алдын алу шаралары қыркүйектен қолға алынған. Тұмау мен жедел репсираторлы вирусты инфекцияның негізгі профилактикасы – ауруға қарсы екпе салу. Биылғы маусымда 2 млн 200 мыңдай азамат вакцина салдырған.

Жұмабек Бекенов, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас маманы:

- Бұның енді өсуіне не себеп? Бірінші себебі – мектептердегі балалардың жиналуы, студенттердің жиналуы. Былайынша қарасаң, адамдардың топтасуы басталады осы маусымда күзге қарай, қыркүйектен бастап. Осы уақыттарда жұғу мүмкіндіктері еселеп артады.

Дегенмен сала мамандары былтырғы жылмен салыстырғанда аурудың таралу деңгейі 20%-ке төмендегенін айтады. Сол секілді елде жедел респираторлы вирусты инфекцияны жұқтырғандардың 66%-і, яғни 2 млн 500 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі бала. Сондықтан оларды бұл инфекцияның негізгі таратушылары деп санайды.

Жұмабек Бекенов, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бас маманы:

- Өйткені балалар уақытында оқшауланбайды. Мектепке немесе балалабақшаға апарып тастайды. Ол келесі балалардың зақымдануына әкеліп отыр. Ауырған баланы уақытында оқшаулауымыз керек. Ауырудың бірінші белгісі айтып тұр ғой, мұрыннан су ағып, температура көтеріліп немесе жөтел пайда болған уақытта ол аурудың бірінші көрсеткіштері.