Енді обырды «тераностика» әдісімен емдеуге болады

Енді обыр дертін ерте анықтап, жаңа әдіспен емдеуге болады, деп хабарлайды 24KZ. Семейдегі Ядролық медицина және онкология орталығының дәрігерлері «тераностика» емін қолданады. Бельгия, Нидерландтан келген мамандар Семейлік дәрігерлермен тәжірибе алмасты. Отандық дәрігерлер «тераностиканың» қыр-сырын үйреніп жатыр. 

Данияр Дәлелханов қазір 29 жаста. Былтыр денсаулығы сыр беріп, медициналық тексеруден өткен. Дәрігерлер оған қалқанша безінің қатерлі ісігі диагнозын қойыпты. Қысқа уақыт аралығында операция жасалып, қалқанша безін алып тастаған. Қазір радиойодтерапияның екінші кезеңінен өтіп жатыр. Науқастың жағдайы жақсарып келе жатыр.

Данияр Дәлелханов, қала тұрғыны:

- Операциядан кейін бір үш айдан кейін келдім. Жақсы, ешқандай несі жоқ. Ең бірінші диетаға отырдым. Сосын Семейге келіп, терапиядан өттім. Бір стакан су береді. Соны ішесің. Сосын 4-5 күн осы жерде жаттым.

Семейдегі онкология орталығында 2021 жылдан бері радиойодтерапия қолданылады. Бұл ем түрі тек қалқанша безінің обырына шалдыққан науқастарға жасалады. Қазір шетелдік сарапшылар бұл әдістің жаңарған түрі «тераностиканы» Семейлік дәрігерлерге үйретіп жатыр.

Франческо Джаммариле, атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік сарапшысы:

- Енді бұл ем түрі Семейде қолданылады. Тераностиканың тағы бір артықшылығы дәрігерлер қолданатын препараттың мөлшерін әр пациенттің жағдайына қарап енгізеді. Адамның сау мүшелеріне ешқандай зиян келтірілмейді.

«Тераностика» емі кезінде адамға арнайы радиоактивті препарат салынады. Соның көмегімен қатерлі ісіктің бар-жоғы анықталады. Ал обырды емдеу кезінде сол дәріні қолдану арқылы арнайы терапия жасалады. Ол науқастың жағдайына байланысты бірнеше кезеңге созылуы мүмкін. Емді бастамас бұрын дәрігерлер адамның жағдайын жіті тексереді.

Баян Атантаева, Ядролық медицина және онкология орталығы директорының ядролық медицина және стратегиялық жоспарлау жөніндегі орынбасары:

- Тераностика дегеніміздің өзі екі сөзден тұрады. «Тера» дегеніміз – терапия, «ностика» – бұл диагностика. Яғни бір препараттың көмегімен біз қатерлі ісікті анықтаймыз және емдейміз. Бұл салынған дәрінің мөлшеріне байланысты болады.

Шеберлік сабағында барысында онкологиядағы тераностиканың маңызды аспектілері талқыланады. Осылайша ауылдық жерде тұратын адамдарда қажетті ем-дом шараларын алысқа бармай-ақ ала алады. «Тераностиканы енгізу бойынша ұлттық оқу курсы» 4 күнге жалғасады. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов