Атырау облысында 102 бала онкологиялық дертке шалдыққан
Елу екі бала жедел лейкоз диагнозымен диспансерлік есепте тұр.
Балалар арасында жаман аурудың көбеюіне экологиялық ахуал мен тұқымқуалаушылық әсер етеді- дейді мамандар. Жалпы, өңірде 5 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдыққан. Аурудың алдын алу және оны ерте сатыда анықтау мақсатында тұрғындар арасында профилактикалық шаралар жүргізілуде.
14 жастағы Айсұлуға 7 жыл бұрын лейкоз диагнозы қойылған. Қазір жағдайы жаман емес. 6 ай сайын дәрігердің қабылдауына келеді. Кеңес алады, қажет болса, ем-дом қабылдайды.
Гүлзира Семғалиева, Айсұлудың анасы:
- 1-кластың табалдырығын аттағанда қызым ауырып, құлады. Тамағы ауырды, температура болды, суставтары ауырды. Сөйтіп, барғанда бізге лейкоз деген диагноз қойып берді. Нақты лейкоздың қандай диагноз екенін Астана қаласынан анықтап берді. Жақсы шүкір қазір, Қадағалаймыз. Укол ештеңе алмаймыз. Сабаққа барады, сабаққа қатысады.
Қатерлі дертке шалдығып, 5 жылдан бері дәрігер бақылауында тұратын 12 бала облыстық балалар ауруханасында емделіп жатыр. Жалпы, лейкозбен диагностикалық есепте 52 бала тұрса, оның 39-ы сауығып шықты. Дегенмен, олар үнемі дәрігердің қадағалауында болады. Облыстық онкологиялық диспансерге 5 мыңнан астам науқас тіркелген. Олардың балаларын да есепке алып, медициналық тексеруден өткізеді. Себебі, қатерлі ісік кейде тұқымқуалайды дейді-дәрігерлер.
Гүлжан Ілиясова, облыстық балалар ауруханасының онкологы:
- Ең басты себеп генетикалық тұрғыдан алып жатырмыз. Жаңағы мутация клеток дейді ғой, жалпы жаңағы қалыпты жағдайдағы клеткалар қатерлі ісіктің клетакаларына трансформация жасалады. Гендерін зерттейді. Қай уақытта, қай жерде генде мутация болды соны анықтап, сол бойынша терапиясын жүргізіп жатырмыз.
Былтыр өңірден Астанадағы «Ана мен бала» Орталығына 13 бала емделуге жіберілді. Ал қаңтар айынан бері 1 науқас бала квота күтіп отыр.
Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин