Қазақстанда 30 мыңнан астам адам құлақ мүкістігіне шалдыққан
Бүгінде елімізде 30 мыңнан астам адам құлақ мүкістігіне шалдыққан, деп хабарлайды 24KZ. Оның 5 мыңға жуығы – бала. Есту қабілеті төмен жандарға қол ұшын созуда отандық дәрігерлер кохлеарлы имплантация арқылы елеулі нәтижеге қол жеткізіп келеді. Елорданың өзінде төртінші дәрежелі есту кемістігі бар азаматтарға жылына 150-ге тарта операция жасалады. Нәтижесінде туабітті есту кемістігі бар бүлдіршіндер операциядан соң түрлі үйірмелерге жазылып, музыкалық аспапты меңгеріп жүр. Ал зейнет жасына жақындаған науқастар жұмысқа орналасып, нәпақасын тауып отыр.
Айгүл, Түркістан облысының тұрғыны:
- Бесінші перзентім. 1,5 жасында байқадық бұл қыздың құлағы естімейді деген еді. Сосын былтыр бірінші құлағына жасағанбыз наурызда. Енді қазір екінші құлағына деп отырмыз. Екінші құлағына жасадық. Бірінші құлағына аппарат тақтық. Аппараттан кейін естиді дыбыстарды. Шүкір. Қазір 2 жас 7 ай болды. Дыбыс шығарып үйреніп жүр. Жеткізе алмайды. Бірақ түсінеді.
Бүгінде 600-ден астам бүлдіршін Ханшайым сынды жарық дүние есігін ашқалы анасының жүзін көріп, жылуын сезінгенімен, дауысын естуге зәру. Туабітті құлақ мүкістігін емдету үшін бұрын ата-аналар операцияғаа қаражат таба алмай, дал болатын. Себебі шетелде кохлеарлы импланттың біреуінің өзі кемінде 50 миллион теңгеге шығатын. Ал қазір мұны өзіміздің дәрігерлер квота арқылы тегін жасап береді.
Елордада жылына 150-ге жуық кохлеарлы имплантация жасалады
Алмат Жандәулетов, №2 қалалық балалар ауруханасының ЛОР-хирург дәрігері:
- Кохлеарлы имплантацияны соңғы 10 жылда қолға алып, жүргізіп жатырмыз. Бастапқы кезде мастер класс аясында шетелден дәрігерлер келіп, ота жүргізетін. Қазір біз толық 100% өзіміз жасаймыз. Жыл өткен сайын операция саны көбейіп келе жатыр. Бастапқы кезде, мысалы, біз 20-30 операция жасасақ, 2017-2018 жылдары, ал қазір 100-150 операция жылына. Осы жылы 150 операция жоспарлап отырмыз.
Операция негізінен төртінші дәрежелі есту мүкістігі бар балаларға жасалып, көбіне 6-9 ай аралығындағы сәбилерге аппарат тағылады. Алдымен импланттың бір бөлігі операция көмегімен құлақтың ішкі жағына орнатылады. 1 айдан соң сыртқы қабаты кигізіліп, толық іске қосылады.
Алмат Жандәулетов, №2 қалалық балалар ауруханасының ЛОР-хирург дәрігері:
- Бастапқы кезде имплант арқылы естігінде бала тура біз сияқты, сау адам естігендей естімейді. Басқаша естіледі. Басқа қосымша ауру жоқ, тек естуінде ақауы бар балалардың бейімделу ықтималдылығы өте жоғары.
«Сол себепті баланың есту қабілетінде ақау барын аңғарсаңыз, уақыт созбай, бірден дәрігерге жүгіну қажет», – дейді хирург. Имплант неғұрлым ерте жаста салынса, бала оған соғұрлым тез бейімделеді.
Кохлеарлы имплантация енді Астана, Алматыда ғана емес, Түркістан қаласында да қолжетімді. Мұнда операция ересектерге де жасалады.
Кохлеарлы имплантация Түркістан қаласында да қолжетімді
Әлжан Дүйсенқұлов, Түркістан қаласының тұрғыны:
- Бала кезімде кішкентайымнан ауырған құлақ. Бұлақ ағып. Сөйтіп, есту мүшем де шамалы азайып-азайып, жасым ұлғая келіп одан да төмендеді. Жасым 40-қа келген кезде суықтан көрдім. Нөл боп естімей қалдым. Сөйтіп, осы Түркістан қаласының орталық ауруханасының ЛОР бөліміне келіп, құлағыма операция жасадым. Аппарат таққалы әйтеуір адамдармен жақсы сөйлесе аламыз. Үйде бала-шағамыздың сөздерін естіген ғанибет қой.
Серік Исаев, Түркістан облысының тұрғыны:
- 1994 жылдан бері естімей қалған тұғын. Одан кейін талай жерде емделіп көрейін дегенде болмады. 2023 жылы қазан айында осы жерге осы жердегі операция туралы естіп, осы жерге келіп, операция жасаттым. Қазір, мысалы, үшін осының арқасында мопедті де айдаймын. Артымнан келетін машинаның сигналы бәрі естіліп тұрады маған. Екінші құлаққа істету планымда бар. Мынау жақсылап естіп алсын.
Түркістан қаласында биыл 30 кохлеарлы имплантация жасау жоспарланып отыр
Гүлжан Қонысова, хирургия саласы бойынша бас дәрігердің орынбасары:
- Қазіргі таңда Тараз қаласынан келді бізге. Қызылорда облысын біз толық қамтып жатырмыз. Түркістан облысы және Алматы қаласынан келді. 2025-ке біз 6 айға 30 имплант тақтыруға қазір жоспарлап жатырмыз.
Имплант есту қабілетін қалпына келтіреді. Алайда айналаңдағы дыбыстарды құлағың шалуы үшін оны өмір бақи тағуға тура келеді.
Айнаш Хисаметова, №1 қалалық ауруханасының ЛОР дәрігері:
- Ересек адамдар неден керең болады? Біріншіден, құлақ инфекциялары ұзақ жылдар бойы емделмеген немесе ауыр ағымда өтетіндер. Екінші мидың инфекциясы және үшінші көп жағдайда ол дәрілік медициналық препараттардан токсикалық әсерінен адамның кереңдігін шақырады. Сондай пациенттерге біздің мемлекет ОСМС арқылы тегін өте қымбат препараттарды беріп, сол арқылы порталмен келіп, тегін операция жасауға болады.
Ал одан соң оңалтудан өту қажет. Балалар ата-аналарымен бірге емханада жатып дәрігердің бақылауында болса, ересектерге 2-3 айда бір рет ЛОР, сурдолог мамандардың тексерісінен өту керек.
Авторлары: Назым Қайрат, Эльвира Лекерова, Бағдат Қайыркен