Қызылорда облысында медициналық қызмет сапасы артты
Қызылорда облысындағы денсаулық сақтау мекемелерінің 87,4 пайызы қажетті құрылғылармен жабдықталған.
Қаладағы емханалар заманауи технологиялар енгізіп, қызмет сапасын арттырып жатыр. Диагностикалық аппараттарды кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында да пайдалануға болады. Бұл игіліктер кімдерге, қандай жағдайда тиесілі?
Қызылордадағы орталық емханада жүзден астам дәрігер еңбек етеді. Мұндағы диагностикалық орталық өңір тұрғындарына 400-ден астам қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде кепілдендірілген тегін медициналық көмек те бар.
Гүлдана Есәлиева, қалалық орталық емхананың бас дәрігерінің орынбасары:
- Әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мақсатында оған туберкулез, қант диабеті, онкологиялық аурулар, сол бойынша да тегін диагностикалау мүмкіндіктері бар. Және инфекциалық ошақтарда санитарлы-эпидемиялогиялық іс-шаралар, профилактикалық іс-шаралар осы тегін медициналық көмектіңкепілдендірілген көлеміне кіреді.
Мира Кан 20 жылдан бері қант диабетімен ауырады. Денсаулығындағы кінәрат жүрегіне де салмақ түсірген. 75 жастағы қария үнемі дәрігерлердің бақылауында. Ол қажетті талдаулар мен дәрі-дәрмекті кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында алады.
Мира Кан, қала тұрғыны:
– Мұнда мен жиі келіп тұрамын. Барлық қажетті кабинеттер осында орналасқан. Мысалы, талдаулар тапсыру үшін. Ал егер кейбір тексерулер бұл жерде жасалмаса, бізді диагностика орталығына, облыстық көпбейінді ауруханаға немесе заманауи жабдықтары бар басқа клиникаларға жібереді.
Қалада заманауи диагностикалық құралдармен жабдықталған емханалардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі - сегіз жыл бұрын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ашылған мекеме. Мұнда 39 мыңнан астам науқасқа қызмет көрсетіледІ.
Айжан Мұқашева, емхана директоры:
- Бүгінгі таңда Қызылорда қаласындағы мемлекеттік емханалардан біздің емхананың басты айырмашылығы – жабдықталу деңгейі. Компьютерлік томография, магнитті-резонанстық томография сияқты қымбат зерттеулерді және басқа да көптеген қызметтерді біз өзімізде жүргіземіз. Бұл қызметтерді сыртқы мердігер ұйымдарға жібермей-ақ орындаймыз.
Емхана былтыр бірнеше заманауи диагностикалық құрылғы сатып алған. Оның көмегімен мидың күрделі зерттеулерін жүргізуге, көздің тор қабығын лазермен түзетуге және жүйке жүйесі ауруларын дер кезінде анықтауға болады.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев