2027 жылдан бастап жедел жәрдем қызметіне жаңа жүйе енгізіледі

Елімізде 2027 жылдан бастап жедел жәрдем қызметіне жаңа жүйе енгізіледі, деп хабарлайды 24kz.

Өзгеріс емханалардың жанынан құрылатын бригадаларға қатысты. Енді басы ауырып, балтыры сыздаған науқасқа алғашқы көмек белгілі бір санат бойынша көрсетіледі.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Алғашқы көмек қызметін орындау ендігі жерде уақытқа қарай белгіленеді. Шақырту күндіз түссе, жәрдем көрсету емханалардың құзыретінде. Ал түнгі уақытта станцияларға беріліп отыр. Қолданыстағы норма бойынша емдеу мекемелері тәулік бойы 103-ке жұмылдырылған. Жүктеменің бөлінуі саладағы арыз-шағымды азайтып, сапаны арттыруға мүмкіндік жасамақ.

Әсел Қыдырәлиева, ҚР ДСМ Медициналық қызметті ұйымдастыру департаментінің басқарма басшысы:

- Бұл норманың ерекшелігі түнде де емхана жанындағы бригадалармен қамтамасыз етілетін. Қазіргі таңда емханалар Еңбек кодексіне сәйкес, кешкі 20:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Екіншіден, оларда түнгі ауысым қызметтер қарастырылмаған. Үшіншіден, емханадағы бригадалар саны аз үлгермеу қауіпі жоғары. Тапшылық болуы мүмкін. 35 мың халыққа бір бригада. Ал ол станцияда болса, онда бір-бірін алмастыра береді.

Қолданыстағы 103 желісі өзгеріссіз қалады. Ал түскен шақырту жеделділігіне қарай бөлінген 4 санат бойынша жіберіледі. «Алғашқы көмек қызметіне қарашаның сұранысы жыл санап артып отыр», - деді маман. Дертіне шипа сұрап жүгінетіндер жылына 8,5 млн-нан асатын көрінеді. Шағым айтып шырылдайтындар да жоқ емес. «Жедел жәрдем кешікті», - деп өшіккендері де бар. Жаңа норма саладағы осындай түйткілдерді түзетуге бағытталыпты. Ақмарал Әлназарованың ақпарынша, өзгеріс ең алдымен саладағы қызмет сапасын арттыруды көздейді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Келесі жылы барлық облыстар жергілікті бюджет есебінен тиісті қаражаттарды қойып көлік мәселесін шешуді жоспарлап отыр. ДСМ ұсынысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың тиісті тарифті белгілеп отырып, сол тарифтермен бірге жергілікті органдарға беру мәселесі бүгінгі таңда қаралуда. Себебі, көлік, инфрақұрылым, гараж мәселелерін шешу, бригадалар санын көбейту бұл жергілікті әкімдіктер құзыретінде болу керек.

Кәмшат Мұхамеджан, тілші:

- Жедел жәрдем қызметінің жұмысын жетілдіруге бағытталған жаңа ереже 2027 жылы енгізіледі. Министрлік халықаралық тәжірибені зерделеп, заң жобасына бірқатар ұсыныстар қосыпты. Қатарында алғашқы көмек нақты қандай жағдайда шақырылатыны жөнінде арнайы тізім бар. Тағы бір жаңашылдық 103 желісіне қоңырау шалу мүмкін болмаған кезде байланысудың балама тәсілдері қарастырылмақ.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Ербол Дайыров