Қазақстан мезгілсіз өлімді азайтқан әлемдегі он елдің қатарына кіреді
Қазақстан жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкология сынды дертті тұсап, мезгілсіз өлімді азайтқан әлемдегі он елдің қатарына кіреді, деп хабарлайды 24kz.
Бұған вейптерге тыйым салу, алкогольге қатысты қатаң саясат және адам папилломасы вирусына қарсы екпе бағдарламасы оң әсерін берген. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге мәлімдеді. Саулықтың сақшылары бүгін Түркі мемлекеттері ұйымы делегацияларының басшыларымен кездесті. Отырыста тәжірибе алмасу, сапалы медицина жайы қаралды. Кәрі құрлық елімізбен ынтымақтастықты жандандыруға дайын. Атап айтқанда, Қазақстаннан келген жас мамандар оқытып, Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету бойынша жетекші маманға айналдыратындарын жеткізді. Жалпы елде сала серпілісіне ерекше мән берілген. Кейінгі 5 жылда 784 медициналық нысан салынып, қосымша 467 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысандарының құрылысы аяқталды. Нәтижесінде соңғы онжылдықта өмір сүру көрсеткіші шамамен 3,5 жылға ұзарып, 75 жасты құрады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өткен жылы денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялар 8,4%-ке өсіп, шамамен 920 млн долларға жетті. Оның үштен бірі жеке секторға тиесілі. Біздің бастамаларға ДДСҰ айтарлықтай қолдау көрсетіп отыр. Тыныс алу органдары мен қанайналымы жүйесі ауруларының азаюы және өлім-жітімнің төмендеуі техникалық-сарапшылық қолдауға негізделген біздің бірлескен жоспарлы жұмысымыздың нәтижесі.