Түркістандық 20 жастағы қыз анасына бауырының бір бөлігін берді

Түркістан облысында алғаш рет бауыр транспланттау операциясы сәтті өтті, деп хабарлайды 24KZ. 48 жастағы әйелге оның туған қызы бауырының бір бөлігін беріп, екінші өмір сыйлады. Операциядан кейін бір ай бойы дәрігерлердің бақылауында болған ана мен қызы қазір үйне оралған. «Екеуінің де жағдайы бірқалыпты, өмірлеріне қауіп жоқ», – дейді дәрігерлер.

Жаңа Иқан ауылының тұрғыны Ульяна Нурметова бауыр обырымен бірнеше жыл күрескен. Алғашында операцияға келіскенімен, «донорды қайдам табамын» деп жүріп қалғанын айтады. Анасының күннен-күнге жүдеп бара жатқанын көрген 20 жасар қызы донор болуға бірден келіскен. Бірақ оған Ульянаның өзі қарсы болыпты. 

Ульяна Нурметова, Сауран ауданы тұрғыны:

- «Сенің өміріңе балта шаппаймын, келешегің алда. Алланың берген өмірін көре жатармын»,– деп келіспедім. Сөйтсем, дәрігер-хиругтер: «Келешекте оның денсаулығына зияны болмайды. Адамның организмінде бауыр өседі», – деп түсіндірді. Қазір жағдайым жақсы, қызымның да жағдай жақсы. Бірінші Алланың, одан кейін дәрігерлердің арқасында осы күнге жеттік.

Күрделі туыстық бауыр трансплантациясы облыстық клиниканың базасында ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары мен академик Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен жасалды. Дәрігерлердің қатаң бақылауында болған науқастар үйіне шығарылды. Қазір екеуінің де жағдайы жақсы. Үй жағдайында ерекше күтімде отыр.

Эльвира Сахавитдинова, Ульяна Нурметованың қызы:

- Операциядан кейінгі жағдайым жақсы. Қазір бірқалыпты өмір салтына қайта оралдым. Ешқандай ауырсынулар, қиындықтар болып жатқан жоқ. Дәрігерлердің бауырдың бір бөлігі алынғанымен, уақыт өте келе қалпына келетінін, болашақта денсаулыққа ешқандай зияны жоқ екенін айтып түсіндірді.

Бұл Түркістан облысы тарихындағы алғашқы бауыр трансплантациясы. Облыстық аурухананың бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков операция облыстағы ағза алмастыру саласының дамуына жол ашқанын айтады. Бүгінгі күні өңірде 117 адам бүйрек және бауыр донорына кезекте тұр.

Жанболат Ділдәбеков, облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

- Операция сәтті өтті және науқасымыз ешқандай асқынусыз, қазір толығымен кеңесін алып жатыр. Біздің тексеріп жүрген 2-3 науқасымыз бар. Бауыр трансплантациясы өте күрделі операция болғандықтан, науқас пен донорды бастан-аяқ толық тексеріп болғасын операцияға дайындаймыз. Осы 2-3 айдың көлемінде деп жоспарлап отырмыз, одан ерте де болуы мүмкін.

Қазір өңір дәрігерлері ағза алмастырудан бөлек, бариатриялық хирургияны, яғни семіздік пен қант диабетінен арылтатын операция түрлерін де жасап жүр. Бұрын бұндай операциялар шет елдерде ғана жасалған.

Жанболат Ділдәбеков, облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері:

- 2 жыл болды, біз 30 шақты операция жасап қойдық. Артық салмағы бар науқастардың асқазанын кішірейтіп, ащы шегінің бір бөлігін асқорыту жүйесінен алып тастаймыз. Барлық артық қоректі заттар шығарылып, адам аза бастайды. Кеше-бүгін біз 5 науқасқа операция жасадық. Осы бариятириялық операцияларды.

Сондай-ақ мұнда бауырдағы тасты пышақ тигізбей майдалап, зәр шығару жолымен эндоскоп арқылы алып тастау әдісі енгізілген. Одан бөлек, бас ми, жұлын, ұстама, Паркинсон ауруларына да заманауи операциялар жасалады. Жыл сайын орталық мамандары шет мемлекеттерде тәжірибеден өтіп, білімін жетілдіріп отырады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш