Елде 7000-нан астам жүкті әйелде ұрықтың даму бұзылыстары анықталған

Ақ халаттылар қажетті ем-дом шараларын қолға алды, деп хабарлайды 24kz.

Тағы 32 әйелге жатырішілік операция жасалып , дәрігерлер 27 нәрестені аман алып қалды. Бұл – былтырғы статистика. Бұған әйелдердің перинаталды скринингпен қамтылуы сеп болған. Елдегі қыз-келіншектердің 90%-ке жуығы тиісті тексерістен өткен.

Бұл жайында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді. Ведомство жетекшісінің сөзінше, соңғы жылдары салада тың серпіліс байқалады. Мәселен, жүздеген жаңа нысан пайдалануға беріліп, шалғай елді мекендерде бұрын болмаған емдеу мекемелері ашылды. Ал онкологиялық аурулармен күресте жаңа ғылыми орталықтар іске қосылып, заманауи жабдықтармен толықтырылды.

Денсаулық сақтау саласы жаңаша серпін алып, халық игілігі үшін жүйелі түрде дамып жатыр. Соңғы жылдары елде бұл бағытта ауқымды істер атқарылды. Президент тапсырмасына сай жаңа нысандар бой көтерді. Атап айтқанда, жоспарланған 655 медициналық мекеменің бүгінде 460-ы пайдалануға берілген. Оның 200-і ауылдарда ашылған. Бұл елді мекендерде бұрын-соңды мұндай нысан болмаған.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- 2025 жылы тағы да 195 медициналық нысан бой көтеретін болады. Аталған нысандарда ауыл тұрғындарына жаңадан күндізгі стационарлар, физиотерапия қызметтері, зертханалық кабинеттер қызмет көрсетеді. Тұрғындар аудан шегінен шықпай-ақ ем қабылдап, лабораториялық сынамаларды тапсыру мүмкіндігіне ие болды.

Халыққа көмекке дайын тұратын ақ халатты абзал жандардың да қатары жыл санап артып келеді. Мәселен, былтыр өңірлерде дәрігер тапшылығы 19%-ке, ал орта медицина қызметкерлірінің дефициті 7%-ке азайған. Айта кету керек, кадр даярлау ісі де күшейтілді. Басымдық тар буынды мамандықтарға берілген. Яғни, грант саны 2,5 мың орынға дейін ұлғайтылды.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту, беделін арттыру Мемлекет басшысымен ерекше назарға алынып, тапсырмасына сәйкес 2024 жылы ҚР тиісті заңы қабылданды. Бұл заң дәрігерлердің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуге, ауылдық жерлердегі мамандардың тапшылығын жоюға бағытталды. Осылайша, ауылдық жерлерде жұмысқа орналасуды таңдаған жас мамандарға қосымша материалдық ынталандырулар, тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несиелер және кәсіби өсу мүмкіндіктері қарастырылды.

Бұл атқарылған жұмыстар саладағы тың серпілісті байқатты. Атап айтқанда, былтыр қатерлік ісіктен болатын өлім көрсеткіші 4%-ке төмендеді. Тағы жұқпалы аурулардан көз жұмғандардың да қатары 8%-ке азайды. Ал туберкулез себеп болған өлім себептері бірден 17%-ке кеміді. Онкологияға қатысты оң динамика алдағы уақытта тағы да жақсарады деген сенім бар. Себебі, елде теңдесі жоқ жаңа орталық ашылады.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- тБірегей техникалық және технологиялық жабдықтары бар жаңа Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығының құрылысы аяқталды. Сәулелік, ядролық медицина орталығы бар және радиофармпрепараттар өндірісімен қамтылған орталық жылына 6 мыңнан астам науқасқа жоғары технологиялық көмек көрсетуге есептелген. Бұл Қазақстан мен Орталық Азиядағы протонды терапияға арналған циклотронмен жабдықталған жалғыз орталық болмақ. Сәулелік терапияға арналған 6 ірі медициналық жабдық орнатылып нәтижесінде сәулелік еммен қамтылу 40%-ке артты.

Тағы бір қуанышты жаңалық – ол ана мен бала денсаулығында орын алды. Былтыр елде 367 мың сәби аман-есен дүниеге келді. Соңғы 10 жылда босану кезіндегі өлім-жітім көрсеткіші де төмендеген. Бұған қыз-келіншектердің уақытылы перинаталды скринингтен өтуі себеп. Қазіргі таңда нәзік жандылардың 90%-і тұрақты түрде тексерістен өтеді.

Бұдан бөлек, саланы цифрландыру бағытында анықтамалардың 8 түрі электронды форматқа ауыстырылды. Оның ішінде медициналық кітапшалар мен еңбекке жарамсыздық туралы парақша да бар. Ал дәрілік заттар нарығында контрафактіні азайту мақсатында алғаш рет преператтарды таңбалау мен қадағалау жүйесі енгізілді.

Авторы: Риат Шони