Мектеп тағамдарында қант пен тұздың мөлшері азайтылады

1 қыркүйектен бастап мектеп асханаларында жаңа стандарт енгізіледі, деп хабарлайды 24KZ. Оқушыларға ұсынылатын ас-ауқатта қант пен тұздың мөлшері азайтылады әрі балалардың ұлттық ерекшелігіне де мән берілетін көрінеді. Сондай-ақ алдағы уақытта білім ордаларындағы асханалар алдын ала ескертусіз тексерілмек. Бұл шара оқушыларды құнарлы да сапалы аспен қамтамасыз ету бағытында қолға алынып отыр.

Соңғы жылдары жаппай тамақтан улану жиіледі. 2024 жылдың статистикасын сөйлетсек. Былтыр елде 18 жаппай улану дерегі тіркелген екен. Оның 61,1% жаппай тамақтану орындарында. 11,1% дайын тағамнан ұшынғандар. Қалған 27,8%-і білім орындарында болған былық. Иә, 27%-і мектеп асханаларымен байланысты. Бұл жүздеген бала мектептегі асхананың асын ішіп, ауруханадан шықты деген сөз.

Майгүл Қайнарбаева, диетолог-нутрициолог:

- Әртүрлі выпечкалар дейіз ғой, кекс сияқты, бөлкелер сияқты, құрамында әртүрлі ортасында начинкасы бар тәтті өнімдер көпшілігіндегі транс майлар бар. Транс майлар дегеніміз – трансформацияланған, табиғаты өзгерген майлар. Яғни ондай өнімдер балаларды ерте жүрек ауруына алып келуі мүмкін. Артық салмақ пен семіздікке. Ерте қатерлі ісіктерді туындатуы мүмкін. Сондықтан осындай аурулардың алдын алудың тағы бір тиімді жолы – оларды шектеу немесе мәзірден мүлде алып тастау.

Ал былтыр 6 қыркүйекте Мұнайлы ауданындағы №8 мектептің оқушылары астан уланып, 460 бала мұрттай ұшқан. Абырой болғанда, олардың барлығы емделіп, аяққа тұрды. Бірақ сот кәніліні араға 8 ай салып жазалады. Балалар уланған мектеп асханасының меңгерушісі Дәметкен Шәкенова бір жылға сотталды.

Серік Наурызбаев, Мұнайлы аудандық сотының төрағасы:

- Шәкенова Дәметкенді ҚР ҚК 304-бабы 1-ші бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттерді жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған осы бап бойынша 3 жыл мерзімге қоғамдық тамақтану саласындағы қызмет көрсету бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.

Енді балалардың ішіп-жемін біржола өз қолына алған Денсаулық сақтау министрлігі ескі мәзірден құтылмақ. Сөздерінше, бұрынғы мәзірде қанттың да тұздың да мөлшері шамадан көп болған.

Кәмшат Мұратқызы, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы:

- Осы мәзірде ерекшеліктеріне келетін болсақ, қант, тұз, май мөлшерін азайту болып табылады. Көкөністен, жеміс-жидектер мөлшерін көбейту болып табылады. Сондай-ақ құрамында тұзы көп тамақ өнімдерін, шұжық өнімдерін, яғни балалардың денсаулығына зиян келтіретін барлық тамақ өнімдерін алып тастау көзделген.

«Себебі беріліп жүрген ыстық тамақтың дені қоқысқа төгіліп жатыр», – дейді тағамтану саласының мамандары. Баланың қаншалықты сапалы әрі пайдалы тамақ жеп жүргеніне мән беру қажет. Әрі мәзір балалардың жасына және этностық ерекшелікке сай жасалу керек деп отыр.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы жаңа тамақтану стандарты енгізіліп жатыр. Бұған дейін бізде бұл стандарт болған жоқ. Бізде тіпті мәзір де болған жоқ. Сондықтан да қазіргі таңда бұл стандарт ретінде енгізіліп жатыр. Менің ойымша, поставщиктердің барлығына талаптар күшейеді.

Қызметтің сапасы демекші, жоғарыда аталған түйткілдердің туындауына қолданыстағы заң да кедергі секілді. Кәсіпкерлер білгенін істеп, СЭС-тен сескенуден қалған. Бірақ таяуда оларға да тықыр таяйтын түрі бар. Жаңа нормалар күшіне енсе, ешқандай ескертусіз, алдын ала хабарлама жіберместен мектеп асханаларына баса көктеп барып, тексеріс жүргізуге рұқсат етіледі.