Дәрігерлер медициналық пойызда операция жасай алады

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы жолға шықты, деп хабарлайды 24KZ. Астанадан аттанған көшпелі бригада шалғайдағы 100-ден астам станцияға аялдап, ауыл тұрғындарына тегін қызмет көрсетеді. Онда терапевт, хирург, педиатор, кардиолог және уролог сияқты мамандар бар.

Вагондар сәулелі аппараттармен және зертханалармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер пойызда алғашқы медициналық тексеріс жүргізумен қоса бірқатар операция түрін жасай алады. Сондай-ақ заңгерлер мен медиаторлар тұрғындарға құқықтық кеңес береді. Көшпелі бригаданың жұмысы Маңғыстау облысынан басталып, желтоқсан айында Алматы қаласында түйінделмек.

Әсемгүл Саханова, «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының аға дәрігері:

- Мұндағы медицина қызметкерлері салада кемінде 5 жыл еңбек еткен. 30 жыл жұмыс істеген дәрігер де бар. Биыл арамызға маммограф қосылып отыр. Өйткені шалғай ауылдарда сүт безі бойынша скринингтік зерттеу жүргізу қажет.

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық Қазына» АҚ басқарушы директоры:

- 90 мыңнан астам ауылдық азаматтарға көмектесуге арналған пойызымыз. Жалпы бұл медициналық пойызымыз 2010 жылдан бері жүзеге асырылып жатыр. Осы аралықта 2 мыңға жуық ауыл-аймаққа барып, 800 мыңға жуық адамға медициналық көмек көрсетілді.