Павлодарда жоғары технологиялы операция жасалды

Павлодарда ұйқы безінің қатерлі ісігіне операция жасау бойынша шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды 24KZ. Алғаш рет өңірлік ауруханада жоғары технологиялы хирургиялық операция жасалды. Оған Алматыдан арнайы келген профессор Болатбек Баймаханов жетекшілік етті.

Маманның айтуынша, бұл ұйқы безінің басы, он екі елі ішек және асқазанның бір бөлігі алынып тасталатын стандартты операция түрі. Бірақ мұндай операциядан кейін ұзақ мерзімді оңалту кезеңі қажет. Егер алғашқы он күн ішінде асқыну байқалмаса, емдеу үдерісі химиотерапиямен жалғасады. Бұл науқастың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай күрделі операциялар тек облыстық онкологиялық орталықта немесе республикалық деңгейдегі клиникаларда жасалатын. Енді өңір дәрігерлерінің өздері ем-дом жүргізе береді.

Болатбек Баймаханов, Қазақстанның жетекші хирургі, профессор:

- Біздің негізгі мақсатымыз – науқастарды Алматыға немесе Астанаға жібермей, мүмкіншілік болса, осы жергілікті жерде оталарды жасау. Оған барлық жағдайлар жасалған. Қазір осы аурухананың операция жасайтын жерлері күрделі жөндеуден өткен. Тиісті жабдықтар бар. Мамандар біздің орталықта тәжірибе өткен.

Нұрлан Жұмажанов, №1 Павлодар қалалық ауруханасының директоры:

- Мен бірінші кезекте Алматыдағы Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығынан келген әріптестеріме алғыс айтқым келеді. Біздің өңірге жаңа технологияларды енгізуге көмектесіп жатыр. Әрине, шеберлік сағаты аурухананы қайта құрудың арқасында мүмкін болды. Себебі заманауи жабдықтар алынды. Қазір материалдық-техникалық базасыз жоғары технологиялық операцияларды толыққанда жүргізу мүмкін емес.