Жамбыл облыстық Онкология орталығы экспресс-гистология әдісін қолдана бастады

Жамбыл облыстық көпбейінді онкология және хирургия орталығының дәрігерлері экспресс-гистология әдісін қолдана бастады, деп хабарлайды 24kz.

Аса маңызды диагностикалық әдіс бұған дейін елдегі санаулы медициналық мекемеде қолданылған. Ол операция кезінде алынған тін үлгісін, жедел түрде мұздатып, микроскоппен зерттеуге мүмкіндік береді. Ал зерттеу нәтижесі небәрі 15-20 минут ішінде дайын болады. Соның нәтижесінде хирургтар ота жасалған жерде ісіктің қалдығы бар-жоғын дер кезінде анықтайды. Жалпы онкология орталығында жылына 800-ден астам операция жасалады. Соның 10%-інде дәл осы экспресс-гистология әдісі қажет. Жалпы аймақта 9 мыңнан аса адам онкологиялық дертпен есепте тұр.

Жандос Сейдахметов, облыстық Көпбейінді онкология және хирургия орталығының директоры:

- Экспресс-биопсия болмаған жағдайда кейде ішек резекциясынан кейін анастомоз ішекті жалғаған кезде ерте сатыда тіккен жерде ісіктің қайталануы болып жатады. Соны болдырмау үшін науқастың өміршеңдігін ұзарту үшін жасалатын амал. Ары қарай экспресс-биопсияның көмегі ота көлемін анықтап береді шешім қабылдап береді. Отаны ары қарай кеңейтеміз бе, жоқ осы жерден тоқтатамыз ба, соны анықтап береді.