Елде жыл сайын 4000-нан астам адам тері обырына шалдығады

Елде жыл сайын 4 мыңнан астам адам тері обырына шалдығады, деп хабарлайды 24kz.

Қазақ онкология және радиология ғылыми зерттеу институты мамандарының мәліметі осындай. Қатерлі ісіктің алдын алу және ерте диагностикалау мақсатында ертең барлық өңірдегі онкологиялық диспансерлерде Ашық есік күні өтеді.

Бұл ұлттық ғылыми онкология орталығының операция залы. Бір ай бұрын медициналық тексеруден өткен 57 жастағы науқасқа ота жасалып жатыр. Оның оң білегіндегі ісік меланома екені анықталған.

Әнет Бейбіт, Ұлттық ғылыми онкология орталығының онколог дәрігері:

- Бұл аурудың басты себептерінің бірі күнге күю немесе бұрынғы жарақаттар болуы мүмкін. Меланома – ең қатерлі ісік, бірақ ауру белгілері ерте анықталса, емдеуге болады. Апта сайын тері обырының барлық түрі бойынша 2-3 операция жасаймыз.

Орталықтың зертханасында гистологиялық және цитологиялық зерттеулер жүргізіледі. Ол ісікті емдеу әдісін тағайындауға және нәтижесін бақылап отыруға мүмкіндік береді. Зертхана қызметкері ең жиі кездесетін тері обыры түрлерін атады.

Жақсыгүл Досай, патоморфолог дәрігер:

- Ең көп бізде кездесетін базальды жасушалық обыр. Одан кейін жалпақ жасушалы обыр және меланома жиі кездесетін терінің қатерлі ісіктеріне жатады. Терінің қатерлі ісіктері бойынша біздің орталық тек Астана қаласы бойынша емес, Қазақстанның әрбір өңірінен жүгінген науқастарды қабылдайды және диагнозын нақтылау, емдеу немесе хирургиялық алу қажет болса, сол бойынша жүргізіледі.

Елде жылына 4 мыңдай адам тері обырына шалдықса, соның 300-ден астамына меланома диагнозы қойылады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, дәл қазір 25 мыңнан астам адам диспансерлік бақылауға алынған. Диагностикалау шараларын дамыту бағытында референс орталығын құру жоспарланып отыр.

Жақсыгүл Досай, патоморфолог дәрігер:

- Болашақта референс орталығының мақсаты – түпкілікті түрде, мысалы, демотологиялық, әр жүйе бойынша бөлінген құрылымда жұмыс атқару. Яғни, диагностикамызды одан әрі дамыту, нақтылау жолында науқастарға көмектесу.

Ертең барлық өңірдегі онкологиялық диспансерлерде Ашық есік күні болады. Онда тұрғындар тері обыры бойынша тегін медициналық тексеруден өтіп, онколог дәрігерлерден кеңес ала алады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Ақылбек Есімсейіт