Ғалымдар агроқалдықтардан дәрі жасап шығарды
Астаналық ғалымдар ауылшаруашылық өсімдіктерінің қалдығынан дәрі жасап шығарды.
Жаңа өнім қан қысымын реттеуге арналған. Зерттеушілер осы арқылы препарат өндірісі саласында мұнайға тәуелділікті азайтуды көздеп отыр.
Ғалымдар дәрі құрамындағы мұнай өнімдерінің орнына, күріш қауызы мен жүгері өзегін қолданған.
Жобаға үш жылдай уақыт жұмсапты. Айтуларынша, өсімдік қалдықтарынан бағалы молекула алынады. Кейін арнайы қондырғы арқылы химиялық реакция түзіліп, өнім шығарылады.
Нұршат Нуражи, NU профессоры:
- Үздіксіз режимдегі реактор арқылы осыны жасап шықтық. Бұны жарты сағатта технология арқылы жасап шығаруға болады. Мысалы, қазіргі дәстүрлі дәрі зауыттарында бәрі бір-бірімен жалғаспаған. Бір дәріні жасауға бір апта, ал бір реакцияға бір ай кетуі мүмкін. Ал біздікі ондай емес.
«Әлемде қан қысымы аурулары жиі кездеседі әрі «жасарып» барады. Ал дәрі өндірісіне қолданылатын мұнай өнімдері – сарқылатын ресурс. Сондықтан жаңа жобаның халықаралық медицинадағы маңызы зор болмақ», - дейді ғалымдар. Зерттеушілер тобында қазақстандық және шетелдік студенттер де еңбек етіп жүр.
Мақпал Рахатқызы, студент:
- Phd студенті болғандықтан, 1 курстан бастап осы проектінің ішінде осы жұмыстарды атқарып жүрміз. Қазақстан бойынша бұл жұмыстардың аналогтары жоқ. Біз ғана ағынды реакторды пайдалану арқылы осында дәрілік заттарды биомассадан алып жатырмыз.
Гарри Кваку Мегбену, студент / Гана /:
- Ауылшаруашылық қалдықтарынан алынған ерітіндіні осы жердегі ыдысқа құямыз. Содан кейін температурасын реттеп аламыз. Реакция дәл осы негізгі реактордың ішінде жүреді. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін бізге қажетті өнім алынады. Бұл жасыл химияның принциптеріне негізделген. Әрі уақыт пен қаражатты үнемдейді.
Жаңа дәрілік заттарды клиникалық сынақтан өткізудің қажеті жоқ. Өйткені препараттың басқа экстракттан жасалған түрлері медицинаға белгілі. Негізгі құрамы күріш қауызы мен жүгері өзегінен алынғанын дәлелдесе жеткілікті. Қазір ғалымдар өнімді патенттеуге күш салып жатыр.
Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов