ДДСҰ Қазақстан қолдауын ерекше атап өтті
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанның жаһандық медицинаға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Бұл туралы Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға арналған жиында айтылды. 1978 жылғы Алматы декларациясы мен 2018 жылғы қабылданған Астана декларациясы саланың дамуына айтарлықтай үлес қосқан.
«Халықаралық серіктестікке 2023 жылы елордада Қазақстан Президенті ұсынған Ғаламдық одақ та зор септігін тигізіп келеді», - дейді мамандар. Аталған бірлестікте бүгінде 19 мемлекет бірігіп, тәжірибе алмасып жатыр.
Анаит Аванесян, Арменияның денсаулық сақтау министрі:
- Ең алдымен Қазақстанның елеулі еңбегін атап өткім келеді. Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту жөніндегі бастама өз жемісін беріп келеді. Армения да жаһандық одақтың мүшесі ретінде осы іске белсене атсалысып жүр. Оның аясында қабылданып жатқан шешімдер бізге алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесінде жаңа саясат пен тетіктерді енгізуге жол ашты.