Елде шамамен 1,5 млн адам ЖРВИ жұқтырған

Елде тұмау өршіп барады. Соңғы екі айдың ішінде бір жарым миллионға жуық адам вирустық инфекция жұқтырған. Оның 60 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, қазір елде 132 мектептегі 1469 сыныптың оқушылары қашықтан оқуға көшкен. Бұл шешім жеті өңірде қабылданған. Олар Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстары. Себебі соңғы бір аптада оқушылар арасында алты мыңнан астам ЖРВИ мен 13 тұмау сырқаты анықталған. 

Денсаулық сақтау министрлігі ел ішінде тараған вирус ГОНКОНГ штаммы екенін жоққа шығармайды. «Алайда бұл жұқпалы індеттің жаңа түрі емес», - дейді ведомство өкілдері. Дендеген дерттің алдын алу үшін вакцина салдыруға болатынын да ескертеді. Қазір елде 11 мыңға жуық аурухана орны дайын, алайда оның 76 пайызы толған. Дәрі-дәрмек, жеке қорғаныс құралдарының қоры жеткілікті. Мамандардың айтуынша  желтоқсанның ортасына індеттің беті қайтпауы мүмкін.

Бауыржан Жүсіпов ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы:

- Мына вирусқа қарсы, қызуды төмендететін дәрі-дәрмектердің запастары жеткілікті деңгейде. Сонымен қатар соңғы кездері сіз айтып өткен екі препаратқа өте үлкен сұраныс туындауда. Қазіргі таңда бұл препараттар бойынша халық тарапынан сұраныс өте көп.