Талдықорғандағы тергеу изоляторында дәрігерлік амбулатория ашылды

Енді Алматы және Жетісу облысының аумағында қылмыс жасаған немесе күдікті деп танылған 400-ден астам адам жаңа ғимаратта ем-дом алады. Айта кетейік, бұған дейін олар шағын медупункттегі мамандарға қаралып келген болатын. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Дәрігерлік амбулаторияның жалпы аумағы 200 шаршы метр. Мұндағы әрбір бөлмеге бейнекамера мен дабыл жүйесі орнатылған. Басқару құрылғысы дәрігерлерге де берілген. Ал науқастарға шұғыл көмек керек жағдайда мамандар телемедицина арқылы байланысқа шығып консилиум өткізе алады.

Тергеу изоляторындағы 17 адам диспансерлік тіркеуге алынған. Арасында нәзікжандылар да бар. Денсаулығы нашар азаматтар мен көмекке жүгінгендерге мейірбикелермен қатар хирург, терапевт, травмотолог, акушер-гинеколог, стоматологтар медициналық қызмет көрсетеді.

Ләйлә Төлеуханова, Қалалық №1 емхананың директоры:

- 25 жылы 10 айдың қорытындысы бойынша 87 адам скринингтен өтті. Бұл жерде адамдардың құқықтары бостандықта жүрген адамдардың құқтарымен тең. Сондықтан бұл кісілер емді тегін алады.

Жаңа құралдармен жабдықталған мекемеде күндізгі стационар ашылды. Сонымен қатар өкпе дертіне шалдыққандардан анализ алатын жеке бөлме қарастырылып отыр.

Жандос Ысқақов, облыс прокурорының аға көмекшісі:

- Бұрын әрбір медициналық көмек керек жағдайда 103 арқылы жедел көмек шақырылатын. Қазір ондайға жүгінбейміз. Тек қана кейбір жағдайларда ғана шақырамыз. Бұл жағдай оперативтік-режимдік жағдайға да оң әсерін береді.

Дәрігерлік амбулаторияның құрылысын прокурорлардың ұсынысымен жергілікті әкімдік қаржыландырған. Жыл соңына дейін аймақта тағы бес емдеу мекемесі пайдалануға беріледі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев