Талдықорғанда сақ дәуірінен қалған алтын сырға табылды
Талдықорған маңындағы обалардың бірінен алтын сырға, жебенің сүйектен жасалған және қоладан құйылған ұштары, қамшының бір бөлігі табылды.
Көне жәдігерлерді археологтар сақ дәуіріне тиесілі дейді. Архитектуралық құрылысымен ерекшелетін әрі ақсүйектер жерленетін қорған сол заманның өзінде бірнеше рет тоналған екен. Жалпы кейінгі үш жылда Жетісу облысындағы он шақты обаға қазба жұмыстары жүргізілді. Зерттеу нәтижесінде ғасырлар қойнауынан жеткен аң стиліндегі әшекейлер, қыш ыдыстар мен өзге де құнды бұйымдар жарыққа шықты. Халқымыздың терең тарихы мен мәдениетінен мол мағлұмат беретін заттар енді облыстық мұражай қорын толықтырып, көпшілік назарына ұсынылады.
Хамит Айтқұл, "Есік" мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының бөлім басшысы:
- Үш ай бойы осы арада тындырымды жұмыстың арасында көптеген бұрын-соңды белгісіз болған тарихи маңызы бар деректер анықталды. Қазіргі таңда оба зерттеліп толығымен болды. Оған байланысты толық ақпарат алынды. Монография жазылды.
Ғалымжан Оспанов, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының директоры:
- Келесі жылға екі оба қазсақ па деп тұрмыз. Зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бір ауданды алып құжаттандыру жұмыстарын жүргізіп, қанша ескерткіш бар екенін зерттеп, қорғау аймағын бекітіп экспертизасын жасатып дайындатып қоямыз.