Дәрігерлерді қорғайтын заң мақұлданды

Елде медицина қызметкерлеріне күш қолданып, қоқан-лоққы көрсеткендердің жазасы күшеюі мүмкін. Бүгін Мәжіліс тиісті заңды екінші оқылымда мақұлдап, Қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді қолдады. Алайда құжат мазмұнына күмәнмен қарап, қарсылық танытқан халық қалаулылары да болды. 

Бекзат Аманов, тілші:

- Мәжіліс араға ай салып, дәрігерлерді қорғайтын заңның екінші оқылымын қарады. Құжаттың мыңызды екеніне ешкім дауласпаса да, әу бастан мазмұнына қарсы депутаттар болды. Олардың дені жазаның тым қатаң екеніне алаңдаушылық білдірді. Сарапшылар да "Шас ал десе, бас алатын" алғашқы нұсқаға келіспеушілік болуғаны орынды деді. Себебі, дәрігерге қарата айтылған ауыр сөздің өзі қылмысқа баланған еді. Ал жаны шүберекке байланған науқастың аузынан не шықпайды? Сапасыз емнің кесірінен жақынан айырылған адам не айтпайды? Қош, аз болса да, қызу талқыланған заң екінші оқылымда да мақұлданды. Отырысқа қатысқандардың көбі қылмыстық кодекске жаңа бап енгізуді қолдады. Асхат Аймағамбетов жұмыс тобы біршама өзгерістер енгізді, тіпті компромиске бардық деп мәлімдеді. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең басты өзгеріс - біз күш қолдану, яғни, зорлық пен қорқыту ұғымдарын ажыратып, оларға берілетін жазаны бөлек қарастырдық. Осыған байланысты қылмыстық әрекеттерді дұрыс саралау мақсатында қорқыту бойынша жаза түрлері бастапқы нұсқамен салыстырғанда біршама жеңілдетілді. 

Бекзат Аманов, Тілші:

- Қаншалықты жеңілдегенін де айтайық. Мысалы, дәрігерге күш қолданбаған құқықбұзушыны қоғамдық жұмыстарға тарту 600 сағаттан 300 сағатқа азайды. Айыппұл мөлшері де айтарлықтай төмендеді. Ал бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы 2 жылға қысқартылды. Ал нақты күш қолданып, өміріне қауіп келтіргендерге жаза өзгеріссіз қалды. Заң жобасының авторы Асхат Аймағамбетов қысқа баяндамасында компромиске бардық деген сөзді екі рет айтты. Осылайша, өзге депутаттардың талабы толық орындалды дегенді меңзеген сияқты. Бұл сұрақты мәжіліс өкілдерінен сұрап көрдік.

Ерлан Саиров, ҚР Парламентінің Мәжілісінің депутаты:

- Мәжіліс деген дискуссия алаңы ғой. Сондықтан бұл жерде әртүрлі пікірлер тоғысқан. Енді өздеріңіз көріп отырсыздар, бүгін депутаттардың басым көпшілігі бұл заңды қолдады.

 Бекзат Аманов, тілші:

- Ерлан Саиров осылай қысқа қайырды. Себебі, заңға келіспеген депутаттар әлі бар. Бұл жолы әдеттен тыс қарсылық танытқандар болды. Дауыс беру кезінде 6 депутат қарсы шығып, жетеуі қалыс қалды. Бірақ отырысқа қатысқандардың саны - 95. Тиісінше, 82 дауыс жинаған құжат мақұлданып, шешім қабылданды. Осылайша, енді оны Сенат депутаттары қарайды. 

Авторлары: Бекзат Аманов, Өрден Жарқын