Алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесі жаңғыртылады

Елде бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау инфрақұрылымы қалыптасады. Медициналық көмектің қолжетімділігі артып, науқастардың нақты қажеттілігіне баса мән беріледі. Астанада өткен алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі халықаралық конгрессте Денсаулық сақтау министрі осылай деді. Қазір алғашқы көмек қызметіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект дендеп еніп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.


Сол арқылы дәрігерлер сүт безі мен өкпе ауруларын, инсультті дер кезінде анықтады. Елде ана өлімі 6 есе, нәресте өлімі 4,5 есе азайды. Туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіші 10 есе төмендеді.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Қазақстан үшін алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамытудың маңызы зор. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ауылдық денсаулықты жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 бастапқы медициналық көмек нысаны салынды. Қазір 200-ден астам ауыл заманауи диагностикалық және телемедициналық жабдықтармен қамтылған жаңа ғимараттардың игілігін көріп жатыр. Бұған қоса, еліміз өмір сүру ұзақтығы көрсеткіші бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Ендігі мақсат – саланы әрі қарай да дамытып, цифрлық технологияларды енгізу.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының былтырғы есебіне сәйкес Қазақстан әлемде 60-шы орынға тұрақтап, даму деңгейі ең жоғары мемлекеттер санатына кірді. «Бұл қазақстандық дәрігерлердің еңбегіне берілген баға», – дейді Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының өкілі.

Арнольдас Юргутис, ДДСҰ алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі еуропалық орталығының техникалық қызметкері:

– Әлемде цифрлық технология дамып жатыр. Бұл бағытта Қазақстанның тәжірибесі жоғары бағаланады. Ал алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметіне жасанды интеллектіні енгізу – батыл шешім. Тек бір нәрсені ескеру керек, жасанды интеллект – дәрігерлер мен науқастар үшін көмекші құрал. Ол саладағы мамандардың орнын алмастыра алмайды.

Сондай-ақ оқыңыз: