Шымкенттегі мектептерде стоматологиялық кабинет ашылды

Шымкентте 16 мектепте арнайы стоматологиялық кабинет ашылды. Енді оқушылардың тіс саулығын сақтауға, ауыз қуысы ауруларының алдын алуға ерекше мән беріледі. 

Дәрігерлер осы мақсатта профилактикалық тексеру жүргізіп, қажет болған жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Жаңа бастама Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктерінің «Сау тіспен болашаққа» жобасы аясында жүзеге асырылды. 

Білім ошақтарында ашылған стоматологиялық кабинетте негізінен профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Тіс ауруларын ерте анықтап, асқынудың алдын алу үшін қажетті ем-дом жасалады. Дәрігерлер баланың тісі сау әрі түзу болса, жалпы денсаулығы да қалыпты дамитынын айтады. 

Раушан Байқонысова, тіс дәрігері:

- Балаға да тиімді. Ата-анаға да қайта-қайта жұмыстан сұрануға кедергі емес. Өзіміздің балаларды толық емдеп шығара береміз. Басқа жаққа жібермейміз. Өйткені қазір балалардың бәрі бос емес. Сабақтан шығып, қосымшаларға барады, спорттық секцияларға барады. 

Дәрігерлер арнайы ашық сабақтар өткізіп, оқушыларға ауыз қуысының гигиенасы, дұрыс тамақтану және тіс күтімінің маңызы туралы да түсіндіреді. Ал стоматологиялық қызмет ата-аналардың рұқсатымен ғана көрсетіледі. 

Гүләзия Айтбаева, қала тұрғыны:

- Төрт қыз, бір ұлым бар. Үшеуі осы №65 мектеп-гимназиясында оқиды. Біз тіс дәрігеріне тек қана ауырған кезде барамыз ғой. Қатты ауырған кезде тіс дәрігерін іздеп кетеміз. Ал бұл жерде сынып-сыныппен тексеріп, оның алдын алуға көмегі көп тиеді деп ойлаймын. 

Стоматологиялық кабинеттер оқушы саны мыңнан асқан мектептерде ғана ашылды. Сала мамандарының мәліметінше, биыл тағы 25 білім ордасы қажетті құрылғылармен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жергілікті бюджеттен жалпы 200 кабинетті жабдықтау жоспарланған. 

Қайрат Қалыбеков, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Стоматологиялық құрылғыларды алып беру ғана емес. Оның штаты бар. Қаржыландыру, басқа мамандарды дайындау мәселесі бар. Балалардың денсаулығын дұрыстау мақсатында біз үлкен шығынға барып отырмыз. Себебі мұның алдағы уақытта беретін нәтижесі көп болмақ. Тістегі бір жегі ағзадағы көптеген органға асқыну беруі мүмкін. Бүйрек, жүрек, буын тағы басқа. Ас қорыту жүйесін айтпағанда. 

Балалар арасында тісжегі мен қызыл иектің қабынуы жиі кездеседі. Көп жағдайда аурудың кеш анықталуына ата-аналардың жұмыс бастылығы мен емханаға дер кезінде қаралмауы себеп. «Дәрігерлердің айтуынша, жоба аясында осы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік туады», - дейді. 

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов