Шымкентте Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «Достық» этнофестивалі өтті

Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай «Достық» этнофестивалі ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шарада түрлі этнос өкілдерінің салт-дәстүрі мен ұлттық өнері дәріптеліп, бірлік пен татулық, туған елге сүйіспеншілік кеңінен насихатталды. Қолөнер жәрмеңкесі мен этно-музыкалық концерт көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды 24KZ.

Арбат аймағы этно-мәдени орталыққа айналды. Ұлттық нақышта киінген тұрғындар мен қонақтар мәре-сәре болып, мерекелік көңіл күйге бөленді. «Достық» фестивалінің маңызы да осы. Елдегі бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтып, өзара татулықты дәріптеуді мақсат етеді.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:

– Тәуелсіздіктің 35 жылдығына жетуіміз бірінші кезекте біздің осы ынтымағымыздың, бірлігіміздің, татулығымыздың, қоғамдық келісімді сақтап отырғанымыздың арқасында екенін баса айтуымыз керек. Мұны ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы да үнемі айтып келеді.

Этнофестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Түрлі этностың ұлттық киімдері, музыкалық аспаптары мен тұрмыс-салт бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Шараға жиналған тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір қауым қазақ халқына шынайы ризашылығын білдірді.

Чарос Арипова, Иран этномәдени бірлестігінің өкілі:

– Біздің ата-бабаларымыз Қазақстанға 1940-1945 жылдары қоныстанған. Сол кезден бері басқа этнос өкілдерімен тату-тәттіміз. Қазақ елін, қазақ халқын өте қатты құрметтеймін.

Мерекелік шарада гастрономиялық аймақ көпшіліктің назарын аударды. Мұнда түрлі этностардың ұлттық тағамдары әзірленіп, асхана мәдениеті таныстырылды.

Әбдез Иманқұлов, Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы:

– Ынтымағымыз қандай екенін көрсетейік деген мақсатта ұйымдастырып жатқан нәрсе. Қалада жалпы 15 этномәдени бірлестік бар. Барлығымыз ұжымдасып Достық үйінде тұрамыз.

Қалалық концерттік ұйым мен Достық үйі өнерпаздарының этномузыкалық бағдарламасы фестивальдің шырайын кіргізді. Дәстүрлі ұлттық әндер, шығармашылық қойылымдар бай мәдени мұраны дәріптеп, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ оқыңыз: