Алматыда автобус жүргізушілері арнайы бөлмеде тынығады

Алматыда қоғамдық көлік жүргізушілеріне арналған демалыс бөлмелері салынып жатыр.

Алғашқысы Көктөбе ықшам ауданында ашылады. Бұл жерде №99 және №95 маршруттың соңғы аялдамасы орналасқан. Шағын әрі модульді нысанның ішінде ас үй, демалатын бөлме және әжетхана бар. Алматыда осындай 20 демалыс бөлмесі қойылады. Олардың барлығы қаладағы маршруттардың соңғы аялдамасына орнатылады. Қаладағы 26 тасымалдаушының еншісінде 3 мыңнан аса автобус бар. Жобаның мақсаты – жүргізушілерге қолайлы жағдай жасау.

Азамат Ешанқұл, жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы басшысының орынбасары:

- Сонымен қатар Саялы ауданында да бір айналма алаң салынып бітті. Қалған 18 алаң биыл салынатын болады. Ол үшін асфальттау жұмыстары жүргізіліп, қажет болған жағдайда жеке меншік үйлер мен жер телімдері сатып алынады. Осы бағытта тиісті жұмыстар атқарылатын болады.   

Жаңа бастама автобус жүргізушілерінің де көңілінен шықты. Қоғамдық көлік орта есеппен өз маршрутын күніне 4-5 рет айналып келеді. Қазір жүргізушілер автобуста тынығып, түскі асты да көлік ішінде ішіп жүр. Оған қоса соңғы аялдамалардың көбінде қоғамдық әжетхана жоқ.

Құралбай Мәмбетсалиев, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- Жүргізушілерді, өзіңіз көріп тұрсыз, демалатын жері жоқ, барлығы өзінің автобусында отыр тамақ ысытайын десе асхана жоқ бұл жерде. Өздерімен алып келеді оны жылытып жеу үшін орын керек. Ондай орын жоқ бұл жерде.

Саламат Реимов, қоғамдық көлік жүргізушісі:

- 15-20 минут екі үзіліс болады бізде жақсы болар еді негізі демалатын орын болса. Автобуста жататын жер жоқ, сол осы жерде отырып шәй ішеміз автобустың ішінде, осы сидениеде отырып ұйықтай береміз 15-20 минут.