Алматыда сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды

Фото: gov.kz

Алматыдағы Қарағайлы қорымынан сақ дәуіріне жататын бірегей олжалар табылды, деп хабарлайды «24KZ».

2026 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі Наурызбай ауданының аумағында орналасқан Қарағайлы қорымындағы ерте темір дәуірінің сақ кезеңіне жататын обада шұғыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу барысында бірегей алтын бұйым мен көптеген адам сүйегі табылды.

Обаның диаметрі 25-26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Қорымды зерттеу нәтижелеріне негізделген алдын ала мерзімдеу бойынша ескерткіш сақ дәуіріне, яғни біздің заманымызға дейінгі IV-III ғасырларға жатады. Қорған ежелгі заманда-ақ тоналған. Тонаушылар қазған шұңқырдың көлемі – 3 метр.

Қазба жұмыстары барысында археологтер көптеген адам сүйегін анықтады. Алдын ала болжам бойынша, обада төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Алайда жерленген адамдардың нақты саны әзірге анықталған жоқ.

Адам сүйектерінен бөлек, сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Тонау салдарынан археологиялық жәдігерлердің басым бөлігі ретсіз шашылып қалған.

Табылған олжалардың ішінде ерекше құндысы – аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше. Ғалымдардың болжамынша, бұл бұйым бас киімді әшекейлеуге арналған. Алтын әшекейдегі арнайы тесіктер оның бас киімге тігіліп бекітілгенін аңғартады.

Мұндай бұйымдар сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән. Осыған ұқсас жәдігерлер басқа археологиялық ескерткіштерден де белгілі. Атап айтқанда, «Алтын адамның» бас киімінен арқар бейнесіндегі алтын әшекей табылған. Ал 2014 жылы Көкқайнар қорымынан бас киімнің сәндік элементі болған барыс мүсіншесі анықталған.

«Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары жалғасуда. Жерлеу рәсімінің ерекшеліктерін нақтылау және жерленген адамдардың санын анықтау мақсатында қосымша ғылыми талдаулар жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға антрополог мамандар да тартылады. Бір обадан адам сүйектерінің әдеттен тыс көп табылуы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені мұндай жерлеу орындары Қазақстан аумағында сирек кездеседі. Әдетте осындай көлемдегі обаларға бір немесе екі адам жерленген», – дейді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК-нің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісов.

«Аю бейнесіндегі алтын мүсінше – Қазақстан үшін бірегей жәдігер. Бұған дейін елімізде мұндай олжа кездеспеген. Бұл жаңалық Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыс пен ұқсастықты зерттеуге мүмкіндік береді», – дейді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова.

Археологиялық зерттеулер толық аяқталып, табылған материалдарға қажетті ғылыми өңдеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін аса құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр.

2022 жылы Алматы қаласы музейлер бірлестігі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арнайы лицензия алып, қала аумағында дербес ғылыми-зерттеу қызметін бастады. Сол жылы Алатау ауданының аумағындағы ерте темір дәуіріне жататын обадан біздің заманымызға дейінгі V-II ғасырларға тән сақ жауынгерінің тоналмаған жерлеу орны табылды. Қазба барысында алтынмен безендірілген қылыштың бөліктері, аң стилінде жасалған алтын әшекейлер, күміс бұйымдар мен адам сүйектері анықталды. 2024 жылы Алатау ауданындағы обалардың бірін зерттеу кезінде адам сүйектерінің бөліктері, қоладан жасалған бекіткіш элементтер мен шегелер табылды.

Сонымен қатар «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінің аумағында Италия және Франция мамандарының қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Заманауи ғылыми әдістерді қолдану арқылы археологиялық ескерткіштердің жер астындағы құрылымын зерттеуге мүмкіндік туды.

2025 жылы ерте темір дәуіріне жататын обалардың бірінен ежелгі тонаушылар қазған жерасты жолы анықталды. Осыдан кейін мамандар ескерткіштің құрылымдық ерекшеліктерін, бүліну сипатын және сақталу деңгейін жан-жақты зерттеді.

Сондай-ақ оқыңыз: