Жасанды интеллект операция жасауда қолданылады

Жасанды интеллект күнделікті өмірге кірігіп кетті. Замануи технология элементтерін кез келген саладан байқауға болады. 

Десе де сол технологияға сай мамандар даярлау мәселесі ақсап тұр. Жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент кадрларды даярлау тәртібін сынға алды. Мемлекет басшысы елімізге жасанды интеллектіні кез келген салада қолдана білетін кәсіби кадрлар қажеттігін атап өтті. Жасанды зейінді толыққанды енгізуге не кедерді? 

Ақхалаттылар операцияларды жоспарлауда қазірдің өзінде тың технологияны қолданады. Бір ай бұрын елордадағы Ұлттық ғылыми травматология орталығына жасанды инлекттісі бар робот-ассистент орнатылды. Үнділік хирургтар шеберлік-сағатын өткізіп, құрылғыны қолдану тектіктерін көрсетті. Дәрігерлердің айтуынша, ақылды көмекшімен ауқымды жұмыс атқаруға болады. Ол операция аумағын анықтап, милимметрлік дәлдікпен тілік жасауға бағытталған. Орталық дәргерлері Қытай мен Үндістанға барып, жасанды интеллектісі бар роботпен операция жасаудың қыр сырын меңгерген. 

Бекжан Сүлейменов, Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығының дәрігері:

- Роботтың ішінде жасанды интеллектінің көмегі көп. Бізге операция алдында дәл жоспарлауға көмектеседі. Сүйекті қанша милимметрге кесу керек. Қандай бұрышпен кесу керек. Жасанды интеллект операцияны 100% дұрыс дайындауға және жасап шығуға үлкен көмегін тигізеді. 

Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығы құрылмақ 

Жасанды интеллект қазірдің өзінде өнеркәсіпте, энергетикада, логистикада, мемлекеттік басқаруда қолданылады. Дегенмен заман ағымына ілесу үшін жай ғана жаңа технологияны енгізу жеткіліксіз. Оны іске жарататын білікті маман қажет. Бұл кез келген салаға қатысты. Сарапшылардың сөзінше, бүгінде еңбек нарығының талаптары түбегейлі өзгерді. Алайда жоғары оқу орындарындағы білім бағдарламасы уақыт талабына ілесе алмай келеді. 

Мұны жақында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы да атап өтті. Мәселені шешу үшін Президент Үкіметке Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құруды тапсырды. Еңбек нарығындағы тәжірибелі сарапшылардың сөзінше, бұл қазіргі кезеңге лайық оңтайлы шешім. 

Арман Шоқпаров, HR сарапшы:

- Жоғары оқу орындары нарық талабына тез ілесе алмайды. Кейбір оқу бағдарламалары қолданыстан шыққан технологияларға негізделген. Өйткені бағдарламаны өзгерту үлкен жұмыс. Ол бірнеше мемлекеттік органның тексерісінен өтуі тиіс. Ал компаниялар жұмысы заман талабына сай тез өзгеріп отырады. Сондықтан Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру өте орынды шешім. Егер елде осындай бірнеше орталық ашылса, онда ірі бизнес, академиялық оқу орындары мен мемлекет альянс құрып, бірлесіп жұмыс істеу керек деп ойлаймын. Сонда жаңа технологияны енгізген ірі компаниялар жұмыс барысын көрсетеді, университеттер тәжірибеден өтетін студенттерді ұсынады, ал мемлекет осы жүйені бақылап, бағыт-бағдар беріп отырады. 

Ол орталықты мемлекеттік емес компаниялардың консорциумы басқармақ. Өйткені бизнес бұл үдеріске тез бейімделеді, әрі нарық талаптарын біледі. Бұл шешім жаңа технологиялардың қолданыс аясын одан әрі кеңейтіп, экономиканы көтеретін, нарыққа қажет мамандарды даярлауға ден қояды. 

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Артур Горшняков