Астанада үстел теннисінен ірі халықаралық турнир өтеді

Фото: depositphotos.com

Астанада биыл қыркүйек айында Star Contender сериясындағы халықаралық турнир өтеді. Бұл дода былтыр Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған President’s Cup халықаралық жобасының жалғасы, деп хабарлайды «24KZ». 

Турзим және спорт министрлігінің мәліметінше, Астанада 2027 жылы үстел теннисінен бірқатар ірі халықаралық турнир жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, үстел теннисінен әлем чемпионаты мен Champions сериясындағы турнир ұйымдастырылады. Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Халықаралық үстел теннисі федерациясының президенті Petra Sörling Қазақстанның халықаралық жарыстарды өткізуге дайындығын жоғары бағалады.
Оның айтуынша, жоғары деңгейдегі спорт пен халықаралық жарыстардың талаптарын жақсы түсінетін қалада турнир өткізу аса маңызды. Сондай-ақ ол жекпе-жек сарайының мүмкіндіктері мен Астананың әлеуеті ұзақмерзімді жобаларды сапалы жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Турнирлердің ұйымдастырушысы – Nomad Table Tennis Academy. Академия директоры Руслан Жетібаев Қазақстанда үстел теннисіне қызығушылық артып келе жатқанын айтты.

«Елімізде үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Спортпен тұрақты айналысатындар саны артып, инфрақұрылым кеңейіп жатыр. Астанада осындай ауқымды халықаралық турнирлерді өткізу біз үшін үлкен мәртебе», – деді ол.

Мұндай ірі жарыстар Қазақстанның әлемдік деңгейдегі спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыра алатын ел ретіндегі имиджін нығайтып, отандық үстел теннисінің дамуына, жас спортшыларды даярлауға және әлемдік спорт қауымдастығының назарын Қазақстанға аударуға мүмкіндік береді.