Ақтауда жедел медициналық жәрдем станциясы пайдалануға берілді

Ақтауда облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы пайдалануға берілді.

Заманауи нысан Президент тапсырмасына сәйкес, қайтарылған активтер қаржысына салынды. Орталықтандырылған диспетчерлік қызмет, симуляциялық оқу орталығы, 52 санитарлық көлігі бар мекеме жылына 100 мың шақыртуға қызмет көрсете алады.

Тұрғындарға жедел медициналық қызмет көрсететін мекемені салуға 4,5 млрд теңге жұмсалды. Станция ғимараты төрт қабатты. Бір қабатында симуляциялық және оқу-практикалық орталығы орналасқан. Мұнда фельдшерлер шақырудан бос уақытта тәжірибе алмасып, күнделікті жұмыста қажетті дағдыларды меңгереді.

Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы. Арнайы мемлекеттік қор құрылған болатын және Бас прокуратура үлкен жұмыс жасап, қордың ақшасын қазіргі кезде әлеуметтік нысандарды жұмсап жатқаны белгілі. Бұл ғимараттың қажеттілігі жөнінде айтудың өзі артық болатын шығар. Науқастардың және осында істейтін әріптестеріміздің игілігіне жарасын деп айтқым келеді. 

Жаңа станция орталықтандырылған диспетчерлік қызметпен жабдықталған. Облыс бойынша шақыртулар осы жерде қабылданып, науқастың жағдайына қарай шұғыл көмек жіберіледі. GPS жүйесі диспетчерге бригадалардың қозғалысын бақылап, мекен-жайға мейлінше жақын бағытты көрсетуге мүмкіндік береді.

Берік Абдуллаев, облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы директорының орынбасары:

- Қазір 70 бригада жұмыс жасап отыр осы облыс бойынша. 52 көлік жылдың соңында берілген, бүгін міне тағы да 20 көлік үлестіріліп жатыр. Ақтау қаласында қазір 24 бригада қызмет атқарып тұр. 

Санитарлық көліктер заманауи медициналық құралдармен қамтылған. Қолданысқа берілген 20 автокөлік демеушілердің қаражатына сатып алынды. Дәрігерлерге қажетті жағдай жасалған зәулім ғимараттың батыс өңірінде баламасы жок. Денсаулық сақтау министрлігі барлық облыста осындай медициналық нысан салуды жоспарлап отыр.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев