Елімізде 108 мыңнан астам адамның психикалық және мінез-құлық ауытқуы бар

Елде нашақорлыққа шалдыққандардың 80 пайызы емделіп шықса да, қайтадан есірткі тұтына бастайды.

Көшпелі отырыста осылай деп дабыл қаққан Мәжіліс депутаттары науқастармен жұмыс істеу жүйесінің әлсіз тұстарын атады. Яғни азаматтар стационардан шығып, кейін тиісті қолдаудың жоқтығынан, бұрынғы ортасына қайтып барады екен. Сарапшылардың дерегіне сай, республикада психикалық және мінез-құлық ауытқуы бар 108 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Оның 18 мыңға жуығы нашақор, ал 90 мыңнан астамы алкоголизмге шалдыққан. Сондай-ақ ойынқұмар белгілері бар азаматтардың саны 450 мыңға саяды. Бұл ретте депутат Айна Мысырәлімова ерте анықтау, алдын алу, емдеу мен оңалтуды және қайта әлеуметтендіруді қамтитын «көмек континуумы» моделіне көшуді ұсынды. Ол үшін тиісті орталықтарды міндетті лицензиялау және бақылау арқылы инфрақұрылымды дамыту, емделуден кейін пациенттерді ұзақ мерзімді қолдау жүйесін енгізу қажет, деді.

Айна Мысырәлімова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Барлық поликлиникада психиатрдың кабинеті бар деп айта алмаймыз. Бұған қоса елде клиникалық психолог, психиатр-нарколог секілді мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Қазір біз осы бағытқа ден қойып, жұмыс істеуіміз керек. Қажетті кабинеттерді ашып, маман тапшылығын да жою қажет.