Қазақстанда АПВ-ға қарсы вакцина 14–17 жастағы қыздарға да салынады

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы қыздарды қосымша вакциналау жүргізіледі, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысында айтылған. Қосымша иммундау 14 пен 17 жас аралығындағы қыздарға арналған. Вакцинация ерікті түрде және ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен ғана жүргізіледі.

Егу кезінде Gardasil вакцинасы қолданылады. Ол АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 типтеріне қарсы қорғаныс қалыптастырады.

Вакцина үш кезеңмен салынады:

бірінші доза;
екінші доза — 2 айдан кейін;
үшінші доза — алғашқы егуден 6 ай өткен соң.

Вакцинация мектептердің медициналық кабинеттерінде және емханаларда жүргізіледі.

Егуден кейін қыздар 30 минут дәрігер бақылауында болады. Алғашқы күндері дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, екпе салған жердің қызаруы немесе ауырсынуы сияқты уақытша белгілер болуы мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай белгілер бірнеше күн ішінде өздігінен басылады.