Міндетті сақтандыру жүйесі қайта қарала ма?
Былтыр елдегі сақтандыру компаниялары 136 млрд теңге жинап, соның тек 45 млрд теңгесін ғана жұмыскерлерге төлеп, қалғанын өз пайдасына жаратты.
Қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесі Сақтандыру компанияларына тиімді болғанымен қауіпті өндіріс ошақтарынан өзге жұмыс берушілер үшін артық жүктеме салып отыр. Жарна мөлшерін қайта қарау керек. Мәжіліс мінберінен осындай ұсыныс айтылды. Қызметкерлерді сақтандыру мәселесінің мән-жайына шолушы әріптесім үңіліп көрді. Тараптар пікірі қандай?
Тау-кен саласындағы жұмыскер мен қарапайым кеңседегі Ай-Ти маманы үшін қауіп деңгейі бірдей емес. Бірақ жұмыс беруші екеуіне де тең көлемде сақтандыру жарнасын төлейді. Басты базына осыдан туындайды. Елде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру жүйесінің қолданыстағы шарттары елеулі өзгерісті қажет етеді. Ондағы жарна көлемі елдегі ең төменгі жалақы мөлшеріне тікелей байланысты. Жылына әр жұмыскер үшін 85 мың теңге төлеу - өндірістік қаупі аз жұмыс берушілерге, яғни шағын бизнеске, жеке кәсіпкерлерге, кеңседе жұмыс істейтін көптеген өзге де компанияларға артық шығын әкеліп отыр.
Сақтандыру жүйесіне қатысатын 7 млн 100 мың жұмыскердің 2 млн-ға жуығы мемлекеттік, квазимемлекеттік және азаматтық салаға жатады. Былтыр кеңсе қызметкерлері арасында 75 оқыс жағдай болса, қауіпті өндіріс орындарында 727 адам зардап шеккен. Ұлттық банк дерегі бойынша былтыр Сақтандыру компаниялары жүйе аясында 136,1 млрд теңге жинап, іс жүзінде 45,2 млрд теңге төлеген.
САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІ
Барлығы – 7,1 млн
Мемлекеттік, квазимемлекеттік, азаматтық сала - 2 млн
Сақтандыру жағдайы - 75
Сақтандыру компанияларының кірісі - 136,1 млрд теңге
Егер ең төменгі тариф 5 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетілсе, шығын 43 млрд теңгеге дейін қысқарар еді. Сонда жыл сайын 120 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделеді. Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров осындай ұсынысын жеткізді. Айтуынша, қазіргі міндетті сақтандыру нарығы аса жоғары табысты сегментке айналған. Депутат қауіпті өндіріс ошағындағы жұмысшы мен кеңседегі қызметкердің сақтандыру жарнасын бірдей көлемде төлеуі әділетсіз деп есептейді.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Сақтандыру компаниялары 140 млрд теңгеден астам жинап, 45 млрд теңге ғана төлейді. 100 млрд теңгеге жуық қаражат сақтандыру компанияларының пайдасына таза табыс ретінде қалады. Бұл жүйе жұмыс берушілер үшін жүктемені арттырып отыр. Оның ішінде мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор да бар. Олар әр қызметкер үшін 100 млрд теңгеден астам сақтандыру жарнасын төлейді. Бұл қаражатты үнемдеуге болатын еді.
Компаниялар әр қызметкер үшін Сақтандыру полисіне жылына 85 мың теңге жарна төлейді. Мәжілісмен кеңсе қызметкерлері үшін бұл соманы 5 айлық есептік көрсеткішке дейін төмендетуді, сондай-ақ түрлі сақтандыру жағдайлары орын алатын салаларда жарнаны сақтап қалуды ұсынды. Әрі жыл сайын тіркелген оқыс жағдай саны бойынша сақтандыру жарнасының көлемін қайта қарап отыруды жөн санайды. Осылайша, бірыңғай стандартты тарифтеудің орнына тәуекелге бағдарланған жүйе құру қажет. Бұндай тәжірибені дамыған елдер тиімді қолданып отыр.
Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бізде көптеген адам қауіптілігі жоғары жұмыс орындарында еңбек етеді. Ол қауіпті өндіріс орындарының санаты үшін сақтандыру қалады. Біз кеңсе жұмыскерлері жайында мәселе көтеріп отырмыз. Олар үшін жарна көлемін 5 АЕК-ке дейін төмендету керек. Бұл тәуекелге бағдарланған сақтандыру моделі деп аталады. Яғни болған тәуекелдер саны ескеріледі.
Әр мекеме мен өндіріс ошағының өз ерекшелігі бар. Сақтандыру мәселесіне келгенде бұны естен шығармау керек, дейді Қазақстан кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев. Сақтандыру шарттары еңбек құқығын қорғауда барлық талаптарға сай болуы керек.
Нұрлан Өтешев, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары:
- Біз түсінеміз бизнеске қазіргі кезде сыртқы жағдайларға, жаһандық шарттар мүлдем өзгеріп жатқандықтан байланысты әртүрлі мәселеге тіреліп жатыр кейбір бизнестер. Бірақ та біз басқа жағынан жаңа мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Мысалы, ЖИ әр бизнеске қосылғаннан кейін ол цифрлық бизнес болып, басқа бағамен сата алады, производительность пайда болатын сияқты. Сол себептен оның бәрін ескерте отыру керек.
Елде кейінгі 5 жылда өндірістік жарақаттану деңгейі 8,3%-ға төмендегенін атап өту керек. Бүгінде шамамен 500 мыңға жуық адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Үш мыңнан астам кәсіпорын қауіпсіздік және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді.