«Отбасыма араласты»: Сәрсемәлиев әйелінің туыстарын не үшін өлтіргенін айтты

Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Атырау облысында өтіп жатқан сот процесінде Сұлтан Сәрсемәлиев әйелінің ата-анасы мен бауырының өліміне қатысты кінәсін толық мойындады, деп хабарлайды «24KZ».

Айыпталушының айтуынша, қылмысқа ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен жұбайының туыстарының араласуы себеп болған. Оның сөзінше, ол отбасын сақтап қалуға тырысқан.

«Балаларымның анасыз қалғанын қаламадым. Отбасымды сақтап қалғым келді. Бірақ әйелімнің туыстары үнемі араласып, қысым көрсетті», – деді ол сотта.

Күдікті  туыстары өзін қорлап, әйелі мен балаларын алып кеткенін айтып, сол кезде «ақыл-есінен айырылғандай күйде болғанын» мәлімдеді.

Ортамызға түсіп, ажырастырды. Сонда да бөлінгіміз келмей, бірге тұра бердік. Отбасыма араласуын тоқтатқан жоқ. Әйел мен балаларымды өзімнен айырды. Осының барлығы мені осы іске итермеледі. Қандай жаза берсе де өтеуге дайынмын, — деді күдікті Сұлтан Сарсемалиев.

Сондай-ақ, Сұлтан Сарсемалиев сот отырысында істі алқа билердің қарауынан бас тартты. 

Еске салсақ, Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың қарашасында жоғалып кеткен. Кейін ерлі-зайыптылардың мәйіттері үй ауласындағы қорадан табылды. Тергеу барысында жоғалған ұл мен қыздың денелері де анықталған.

Бұл іс бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев Индонезияда ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған болатын.

Негізгі сот отырысы 28 мамыр 10:00–де өтеді.