Абай облысында 15 тұрғыннан адамның иммунитет тапшылығының вирусы анықталды

Биыл Абай облысында 15 адамнан иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) анықталды.

Ауру жұқтырғандардың көбі – жастар мен орта жастағы адамдар. Дәрігерлердің айтуынша, вирус көбіне жыныстық жолмен таралып жатыр. Сондықтан тұрақты түрде тексеруден өту маңызды, дейді мамандар. 

Дүниежүзілік жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан (ЖИТС) көз жұмғандарды еске алу күні аясында облыс орталығында ашық есік күні ұйымдастырылды. Денсаулығын тексертуге келген 156 адам иммун тапшылығы вирусына зертханалық талдау тапсырып, тесттен өтті. Медициналық тексеріс ұзақ уақыт алмайды. Бар-жоғы 1 минут ішінде нәтижені білуге болады. Осыдан 10 жыл бұрын бұл аурудың емі жоқтай көрінетін. Қазір құлан таза айықпағанмен вирустық жүктемені азайтып, дені сау бала сүюге мүмкіндік беретін тиімді терапия ұсынылады.

Раушан Алшынбекова, облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының инфекционист-дәрігері:

- Ем науқасқа анықталғаннан күннен бастап тағайындалады. Науқастың өзінің келісімімен науқасқа жеке түрде тағайындалады. Ол таблетка түрінде жүргізілетін ем. Күнделікті схемаға байланысты күніне 1 таблеткадан ішетін схемалар бар және 2 таблеткадан ішетін схемалар бар.

Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы орталығында қазір 547 адам есепте тұр. Оның жартысынан көбі ер адам. Дәрігерлердің айтуынша, қазір ауру жыныстық жолмен таралады.

Жадыра Нұрғалиева, облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының эпидемиолог-дәрігері:

- Есепті кезеңде АИТВ-ға 53 мыңнан астам тексеру жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артық. Облыс тұрғындарын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, уақытылы тексеруден өтуге және мамандардан кеңес алуға шақырамыз.

Инфекцияның таралуын азайту үшін профилактикалық шараларды жиі ұйымдастыру маңызды, дейді мамандар. Өйткені ауруды ерте анықтау дер кезінде ем бастап, адамның өмірін сақтауға мүмкіндік береді.

Асылхан Әділжанов, облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының директоры:

- Біз үкіметтік емес ұйымдармен, жастар орталықтарымен және басқа да әлеуметтік серіктестермен бірлесіп, білім беру ұйымдарында, әскери қызметшілер арасында, түрлі мекеме қызметкерлері мен облыс тұрғындарына арналған профилактикалық акциялар, кездесулер, семинарлар және ақпараттық іс-шаралар өткіземіз. 

Иммун тапшылығы вирусын жұқтырған адам өзінің серігінен ауру екенін жасырмауы керек, дейді дәрігерлер. Елде иммун тапшылығы вирусын қасақана жұқтырғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Асланбек Шығыр, Ботагөз Дандыбаева, Мади Базарбеков