Угандада адамның иммунитет тапшылығы вирусына қарсы дәрі жетіспейді
Угандада адамның иммунитет тапшылығы вирусына қажет препарат жоқ.
Ленакапавирдің жетіспеуі себепті дерттің таралуын тежеу қиынға соғып тұр. Жылына небәрі екі рет салынатын бұл дәрі, әсіресе инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары аймақтарда жеткіліксіз. Бұған профилактикалық бағдарламаларды қаржыландырудың қысқаруы мен адамдардың медициналық көмекке кеш жүгінуі кері әсерін тигізіп отыр.
Уганданың Мбарара қаласында АИТВ-ны алдын алу қиындап барады. Мұнда халықтың шамамен 10 пайызы осы дертке шалдыққан. Иммакулейт Ньямвиджа тұрғындарға кеңес пен медициналық көмек алуға жәрдемдеседі. Бұрын мамандар індет тараған өңірлерге барып, тұрғындарды тексеріп, профилактикалық препараттармен қамтамасыз етсе, қазір қаржыландыру қысқарып бұл бағдарламалар тоқтап қалған.
Иммакулейт Ньямвиджа, ACTION FOR IMPROVED HEALTH AND WEALTH ұйымының негізін қалаушы:
- Қаржыландыру азайып, дертке қарсы біраз шараны жүзеге асыра алмай отырмыз. Соның салдарынан адамдар медициналық көмекке сирек жүгіне бастады. Адам өзін жақсы сезінгендіктен ауруханаға барудың қажеті жоқ деп шешуі мүмкін. Бірақ белгілердің пайда болуын күткен кезде ағзадағы вирус өзгелерге жұғып үлгеруі мүмкін.
Угандада шамамен 1,5 миллион адам АИТВ-мен өмір сүреді. Инфекциямен күрестегі үміттің бірі ленакапавир препараты еді. Ол алты айда бір рет енгізіліп, ауру жұқтырудан ұзақ мерзімге қорғаныс береді. Зерттеу жұмыстары да оның жоғары тиімділігін көрсетті. Бірақ АИТВ ушыққан бұл қалада препарат қолжетімсіз.
Доркус Твинабайту, АИТВ мәселелері жөніндегі маман:
- Менің ойымша, ленакапавир АИТВ-мен күрестегі үлкен жетістік, әрі ауруды алдын алатын ең тиімді тәсіл. Қалаға бар болғаны 100 данасы жетті. Бұл әрине, барлық науқасқа жетпейді.
АҚШ пен Жаһандық қор 2028 жылдың соңына дейін әлемде 3 миллионға дейін адамды ленакапавирмен қамтамасыз етпек. Әзірге жеткізілім көлемі шектеулі. Мамандар препараттың қолжетімділігін арттыру үшін бағасы арзан балама дәрі өндірісін кеңейту қажеттігін айтады. Олардың алғашқы партиясы осы жылдың соңына, ал 2027 жылдан бастап жеткізілімді арттыру жоспарланып отыр.
Авторы Арайлым Жақсылыққызы