Түркістанда үшем дүниеге келді
Түркістан облыстық №2 перинаталдық орталығында 2026 жылдың алғашқы үшемі дүниеге келді, деп хабарлайды «24KZ».
4 мамыр күні жүктіліктің 32 аптасында өмірге келген үш сәби де — қыз балалар. Нәрестелердің туған кездегі салмағы 1775, 1990 және 1850 грамм болған.
Дәрігерлер кесарь тілігі арқылы сәбилерді аман-есен босандырып алған. Мерзімінен бұрын туған нәрестелер 22 күн бойы жан сақтау бөлімшесінде және арнайы күтім бөлімінде ем қабылдап, жағдайлары толық тұрақтанғаннан кейін үйлеріне шығарылды.
Үшемдерге Сафия, Садия және Самия есімдері қойылған. Сәбилердің анасы 38 жаста. Отбасының бұдан басқа үш баласы бар.
Қазіргі таңда ана мен сәбилердің жағдайы жақсы.
Мамандардың мәліметінше, биыл орталықта 1810 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде алғашқы үшемдер мен 35 егіз бар.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз